Басты бетЖаңалықтарҚазақстанда қылмыстық...

Қазақстанда қылмыстық және қылмыстық-процестік кодекстерді тексеру аяқталды

Әділет министрі Азамат Есқараев Қасым-Жомарт Тоқаевқа әділет органдары қызметінің нәтижелері және алдағы кезеңге жоспарлар туралы есеп беріп, реформа жүргізілетін бағыттарды таныстырды.

Бұл туралы Ақорда хабарлады.

Министр қылмыстық және қылмыстық-процестік кодекстерді тексерудің аяқталғанын мәлімдеді. Осы ретте 1 000-нан астам бап пен 1 200 ұсынысқа талдау жүргізілді. Нәтижесінде азаматтар мен кәсіпкерлер құқықтарының қорғалуын күшейту мәселелерін ескеретін және бизнесті негізсіз қылмыстық қудалауға жол бермейтін тиісті заң жобасы әзірленді.

Азамат Есқараевтың айтуынша, заңнаманың сапасын арттыру үшін кешенді шаралар қабылданып жатыр. Атап айтқанда, заң жобасы қызметі мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның жұмысын жандандыру, ғалымдарды кеңінен тарта отырып, заңнаманың тұрақтылығын қамтамасыз ету, реформаларды ақпараттық тұрғыда қолдауды күшейту жөніндегі іс-шараларды жүзеге асыру көзделген.

Сонымен қатар президент әділет министрлігіне қарасты мәселелер мен көрсетілетін мемлекеттік қызметтерді автоматтандыру және цифрландыру шараларын қамтитын 12 жобамен танысты.

Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев министрлікке жүктелген міндеттердің сапалы іске асырылуының маңыздылығына назар аударып, заңнаманы одан әрі жетілдіруге және азаматтардың құқықтарын қорғауды күшейтуге бағытталған бірқатар тапсырма берді.