Мемлекет басшысы Батыс Қазақстан машина жасау зауытының жұмысымен танысты

Қасым-Жомарт Тоқаев «Батыс Қазақстан машина жасау компаниясы» акционерлік қоғамына барып, зауыттың жұмысымен танысты. Бұл туралы Ақорда хабарлады.

Зауыт басшысы кәсіпорынның мұнай мен газ, күрделі металл конструкцияларын өндіруге, өңдеуге, тасымалдауға арналған жоғары технологиялық жабдықтар шығарумен айналысатынын баяндады.

Компания – General Electric компаниясының газ турбинасы бойынша стратегиялық серіктесі.

Зауыт аумағында Baker Hughes General Electric Company сертификаттаған және BHGE мамандарының ұсыныстарына сәйкес заманауи технологиялық құралдармен жабдықталған қызмет көрсету орталығы жұмыс істейді.

Тоқаев, зауыт
Фото: Akorda.kz

Сонымен қатар зауыт ауыл шаруашылығының қажеттіліктері үшін Fregat себелеп суаратын машиналар өндірісін дамыту жобасын жүзеге асыруды жоспарлап отыр.

Кәсіпорын жұмысымен танысқан мемлекет басшысы жаңа жобаларды жүзеге асырудың маңыздылығын айтып өтті.

Оның айтуынша, өндіріс орны мұнай-газ және энергетика салаларына арналған жоғары технологиялық жабдықтар шығарады, сондықтан бұл салаларда отандық машина жасау өнімдерінің үлесін арттыру маңызды.