«Зорлаушыға ауыр жаза берілсін», «Зорлыққа жол жоқ», «Әр әйел маңызды», «Үнсіз қалма, зорлықты тоқтат», «Бізге өзгеріс керек», «Менің дәстүрім — 8 наурызда шеруге шығу». 8 наурызда Алматыда әйелдер құқығын қорғауға арналған митинг қатысушылары осындай ұрандар айтты.
Митинг зорлық-зомбылықтан қайтыс болған қыз-келіншектердің құрметіне бір минут үнсіздік жариялаудан басталды.
Митинг ұйымдастырғандардың бірі Мөлдір Албан жақында сексуал зорлыққа ұшыраған балалардың оқиғасын жинап, кітап жазуды бастаған. Оның сөзіне қарағанда, оқиғалар саны жүзден асып кеткен.
Ең сорақысы сол, сол жүз адамнан тек біреуі полицияға шағым жазып, зорлықшыны 15 жылға соттата алды. Бұл тек 10 жасар баласына сенген ананың арқасында жүзеге асып отыр. Баласы әкесі тиіскенін айтып, жылап келгенде анасы бірден полицияға хабарласқан. Анасы қызының зорлықшының қолы тиген дене мүшелерін жумай тұрып, сараптама жасалуын талап еткен. Осылайша бәрін дәлелдеп шықты. Ал қалған жүзден аса ана баласына сенбеді. Оларға жақындары да сенбеді, қолдай алмады. Сондықтан жүзден аса жасөспірім осындай ауыр нәрсемен жалғыз күресуге мәжбүр, — дейді ол.
Халықаралық әйелдер күніне арналған митинг биыл әйелдердің дене автономиясы үшін және сексуал зорлық-зомбылыққа қарсы өткізіліп отыр. Бұл жолы шарада дене автономиясы, әділдік пен әйелдерге саяси дауыс беру тақырыбы көтерілді. Ұйымдастырушылар ұсынған мәлімет бойынша, жыл басталғалы елде 44 әйел сексуал зорлық көрген. 16 жасқа толмағандарға қатысты жасалған сексуал қылмыс саны — 72, зорлық-зомбылықтан қайтыс болған әйел саны — 19.
Бұл — тек ресми дерек. Шын мәнінде құрбан болғандар он есе артық, тіпті одан да көп. Кішкентай бала зорлық көрсе де, қоғам оның кінәлі емес екеніне күмәнмен қарайды. Сондықтан көп құрбан статистикаға енбей қала береді, — дейді Мөлдір Албан.
Құқық қорғаушы және АИТВ белсендісі Любовь Воронцова созылмалы ауруға шалдыққан әйелдер туралы айтты.
Сіздерге АИТВ инфекциясы бар әйелдер туралы, түрлі созылмалы ауруға шалдыққан әйелдер жайлы айтқым келеді. Өйткені бұл әйелдерге зорлық-зомбылықпен күресу тіпті қиын. АИТВ ауруы бар әр үшінші әйелге серігі қатыгездік көрсетеді. Мұндай әйелдердің 50%-і диагноз қойылғаннан кейін зорлық-зомбылық көреді. Олардың 70%-і зорлық көріп жатырмын деп біреуден көмек сұрамаған. Олар диагнозын жұрт біліп қала ма, қоғам айыптай ма, содан бұрынғыдан да көп алалап, зорлық-зомбылық бұрынғыдан да үдей түсе ме деп қорқады, — дейді Любовь Воронцова.
Құқық қорғаушы кейінгі жылы АИТВ инфекциясы бар жүкті әйелдерге дәрігерлер бала тумауға кеңес бергенін айтты. Сонымен қатар ол диагнозы үшін дәрігерлердің «тұтқынына» айналатынын да баяндады.
Маған аурусың дейді, қалай сақтану керек екенін айтады, балалы бола алатын-алмайтынымды белгілейді. Осылайша, менің денем автономиясынан айырылады. Сөйтіп денеммен байланыс үзіледі. Соның кесірінен маған, мен сияқты әйелдерге басқа зорлық-зомбылыққа қарсы тұру мүмкін еместей көрінеді. Еске салайын, менің денем – менің ісім! – деді Любовь Воронцова.
Оның айтуынша, қоғамға Ыстамбұл конвенциясы, Тұрмыстағы зорлық-зомбылыққа қарсы іс-әрекет туралы заң, зорлық-зомбылыққа тап болған әйелдерге көмектесіп, қолдайтын ұйымдарға қаржы керек. Әйелдер қаржы жағынан тәуелсіз болуы үшін оқытатын бағдарлама қажет. Оған қоса әйелдер зорлық-зомбылыққа тап болғанда не істеу керек екенін білуі үшін медицина қызметкерлерін оқыту керек екенін айтты.
Даяна Сәдуақасова 21 жаста. Ол митингіге аппақ той көйлегін киіп келген. Жаулығында «құтқар» деген сөз жазылған. Ал көйлектің етегіне «Күйеуімнің қолынан үйде өлемін» деген тіркес бар.
Адам өз өлімінен өлуі керек, бірақ біздің елімізде күйеуі әйелін өлтіреді. «Күйеуімнің қолынан үйде өлемін» деп жаздым. Үй деген – ыстық ұя. Бірақ ол үйде қазақ әйелі өле алады екен, өйткені күйеуі солай болады деп шешкен. Қолымды, мойнымды боядым, бұл «күйеуім ұрып-соққанын» білдіреді. Бірақ бетімнен соққының ізі байқалмайды. Өйткені далап жағып тастадым. Олай еткен себебім сол, елімізде соққы көрген әйел бетін бояп, көгергенін жасырады. Мен жеңімді түріп қойдым, содан қолымдағы «соққы іздері» көрініп тұр. Оны түрмесем, менің «соққы көргенімді» білмейтін де едіңіз ғой, — дейді Даяна Сәдуақасова.
Даяна қолына ою түскен кесе ұстап алған. Кесенің ішінде гүл тұр. Ол мұның себебін былай деп айтып берді.
Қазақ әйелдері үйінде зорлық-зомбылық көрсе де, мұнысын ешкімге айтпайды, полицияға хабарласпайды. Онымен қоймай, күнде кешке жұмыстан кеп үйіне шай береді. Мұндай әйелдер бар, оларды мен білемін, танимын. Осы кесе, гүл арқылы әйел болмысының қандай мықты екенін көрсетіп отырмын. Әйелдер шай береді, бақыт әкеледі, өмір сыйлайды. Плакатыма «Өмірімнің құны 10 қамау күні ғана ма?» деп жазғым келген. Олай дейтінім сол, күйеуі әйелін ұрса, тек 10 күнге қамалады, — дейді ол.
Биыл ұйымдастырушылар шеру өткізуге рұқсат ала алмады. Әкімдік тек Махатма Ганди атындағы саябақта митинг ұйымдастыруға рұқсат берді. Айдар Мұстафин мұндай митингіге алғаш рет қатысып отыр. Ол бұған бала күнінде зорлық-зомбылық көргені себеп болғанын айтады.
Көпке дейін мойындағым келмеді. Бірақ бала күнімде зорлық-зомбылық құрбаны болдым. Қазір көшеде әлдекімнің баламен дөрекі сөйлесіп, қол көтергелі жатқанын көрсем, мәселенің мән-жайын білуге тырысамын. Қажет болса, көмектесу үшін төбелеске араласуға дайынмын. Бұл дұрыс емес болса да, зорлық-зомбылықты көргенде көрмегенсіп өтіп кеткеннен дұрыс деп ойлаймын, — дейді ол.
Айдар митингіге достарын да шақырған. Ал келер жылы анасын, қарындасы мен әпкелерін де ерте келуді жоспарлап отыр.
Біздің елде ер балалар да өзін аса қауіпсіз сезіне бермейді. Бірақ біздегі ерлердің көбі тек әскердегі зорлықтан қорқады ғой. Ал қыздардың жағдайы тіпті қиын. Олар күндіз көшеде, қоғамдық көлікте-ақ харассментке ұшырап жатады. Қараңғыда қорықпастан көшеге шығатын қыз жоқ шығар. Анамның, әпке-қарындастарымның қауіпсіз қоғамда өмір сүргенін қалаймын, — дейді ол.
Митингіге келгендер арасында қоғамда кеңінен танымал азаматтар да бар. Театр және кино артисі Айсұлу Әзімбаева митингіге келу азаматтық парызы деп білетінін айтты.
Тұрмыстағы зорлық-зомбылыққа қарсы митингіге қатысу үшін қашан зорлық көрер екенмін деп күтудің қажеті жоқ. Бақытыма орай, осы жасыма дейін ондай қиындыққа тап болмадым. Бірақ зорлық-зомбылық көріп, қиналған қыз-келіншектерді қолдау — бәріміздің парызымыз. Ал қолдауды осындай митингілерге қатысып, олармен бірге «Зорлыққа жол жоқ» деп ұрандатудан бастасақ болады, — дейді ол.
Айсұлу елдегі әр әйел күн сайын қоғамнан зорлық көреді деп есептейді. Ол әйелдің жынысына қатысты қалыптасқан ойдың бәрі өмірді қиындатып жібереді дейді.
Негізі, зорлық деген тек денені зорлау емес қой. Әйел болғаның үшін ғана ер адамнан кем жалақы алғаның ше? Болмаса, әйел болғаның үшін ғана кей қызметке орналаса алмағаның ше? Тізе берсең, көп. Мұның бәрі өмірімізді қиындатып жібереді. Сондықтан митингіге шығып, қалауымызды айта білгеніміз маңызды, — дейді Айсұлу Әзімбаева.
Белсенді Арина Осиновская митинг өткізуге парктің тар екеніне, уақыттың аз екеніне шағымданды.
Жыл сайын митингіге сөз жазамын, жыл сайын оны қысқартуға тура келеді. Оның жақсы тұсы сол, бүгін сөз алатын спикерлер көп. Кері тұсына келсек, біз тағы да сөзімізді қысқартып жатырмыз. Әкімдік берген екі-ақ сағатқа сыю үшін қысқартамыз. Митингіге келген сонша халық мына шағын паркке сыюға тырысады. Қаламыздағы бейбіт митинг өткізуге болатын орындардан осы паркті ғана сұрап ала алдық, — деді Арина Осиновская.
Ол әйелдер өз құқығын айтуы үшін қала көшелеріне шыққысы келетінін де жеткізді. Әйелдер өзіне не қажет екенін айтуы үшін саясатта көбірек орын берілуі керек екенін, ең бастысы, өз үйінде әйелдің даусы естілуі қажет екенін айтты.
Бізге дене еркіндігіміз керек. Мен үшін дене автономиясы деген — бар екенімізге кешірім сұрауды доғару, өзімізге орын мен сөз сұрауды қою және өзімізді қауіпсіз сезіну. Қазақстанда әйел болып өмір сүру, митингіге, маршқа шығу, сөйте тұра қауіпсіз болу, митингілерді ұйымдастыру да осыған кіреді. Парламент мәжілісін сайлауға түсу, партия құрып, саяси реформаларды істеу, көпшілік алдында өзінің жеке басы туралы айту да бар, өйткені мұның өзі саяси деген сөз. Бүгін дене автономиясын өзімізге қайтаратынымызды мәлімдеу үшін осы жерге жиналдық, — деді спикер.
Митинг ұйымдастырғандардың бірі Фариза Оспан жыл өткен сайын 8 наурыз күні алаңға жиналатындардың саны артып келе жатқанын айтты.
8 наурызда митингіге шығу дәстүрі қалыптасып келе жатқаны қуантады. Митинг жыл сайын өткізілгені арқасында зорлық көрген әйелдің бәрі өзі емес, зорлықшы кінәлі екенін түсінді. Бүгін көпшілік алдында бұрын өзім де зорлық көргенімді айтқым келіп отыр. Мұны еш қысылмастан айта алғаныма қуаныштымын. Зорлыққа тап болғаның емес, зорлықшы болғаның ұят, — дейді ол.
Фариза Оспан сөз сөйлеп болған соң жиылғандармен бірге «Зорлыққа жол жоқ», «Елдің көркі — әйелдің заң арқылы қорғалғаны», «Зорлықшымен қол алыспа» деп ұрандатты.
Екі сағат болған шараға мыңнан аса адам қатысты. Ұйымдастырғандардың сөзіне қарағанда, 8 сәуірде Астанада әйелдер құқығын қорғауға арналған марш өтеді.