2024 жылы мектеп пәндері 100% электрон форматқа көшіріледі

2024 жылы мектеп пәндері 100% электрон форматқа көшіріледі. Бұл туралы үкімет отырысында оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев айтты.

Сонымен қатар виртуалды зертханалар мен геймификация элементтері цифрлық контентке енгізіліп жатыр. Электрон оқулықтар әзірлеу жұмысына еліміздегі 11-ден аса отандық баспалар атсалысты. Пәндерді электрон оқулықтармен 100% қамту 2024 жылға жоспарланған. Педагогтер үшін электрон оқулықтарды тиімді пайдалану әдістемелері әзірленіп, оқыту жұмыстары басталды, — деді министр.

Министр электрон оқулықтармен қатар мектептерде қосымша оқу материалы ретінде мультимедиалық контенті бар цифрлық білім беру ресурстары белсенді қолданылатындығын айтты.

Қазір 50 мыңнан аса цифрлық білім беру ресурсы жасалды. 2023 жылдың басынан бастап цифрлық білім беру ресурстарына 6,7 мың мектеп қосылды. Бұл ресурстарды бүгінде күн сайын 3 миллионға дейін оқушы мен мұғалім қолданып келеді. Цифрлық білім ресурстарында барлық кластарды қамтитын 50 мыңнан аса бейнесабақ жарияланған, — деді Ғани Бейсембаев.