Алматының Медеу ауданында 126 автобус жаңартылады

Бұл туралы қала әкімі Ерболат Досаев тұрғындармен кездесуде айтты.

Ерболат Досаевтың айтуынша, былтыр тасымалдаушылар 225 жаңа автобус сатып алды. Осылайша, 20 маршруттағы автобустар жаңартылып, бір жаңа маршрут ашылды.

Биыл сегіз маршрутта 126 автобусты жаңартуға ниеттіміз. Жаңа автобустардың сатып алынуына қарай жұмыс жыл соңына дейін жоспарлы түрде жүргізіледі, — деді ол.

Сонымен қатар Ерболат Досаев жол инфрақұрылымын жетілдіру жұмыстары қарқын алғанын айтып өтті.

2022 жылы 27 шақырым жолға орташа және 32,5 мың шаршы метр жолға жөндеу жүргізілді, 18 километрден астам тротуар салынды. Биыл 37 көшеге жөндеу жүргізіледі. Бұдан бөлек, 50 мың шаршы метр жолды жөндеу және 16 көшеде 18,5 километр тротуар салу жоспарланған, — деді қала әкімі.