Басты бетЖаңалықтарҚызылордалық анасына...

Қызылордалық анасына бауырын беріп, өмірін сақтады

Мұхтар Ешпановтың айтуынша, осыдан төрт жыл бұрын анасы Гүлжахан Баймаханова кенеттен сырқаттана бастайды. Жағдайы уақыт өткен сайын нашарлаған анасына облыстық орталық аурухана нақты диагноз қоя алмаған.

«Анам үмітін үзген жоқ. Алматы қаласындағы Сызғанов атындағы ұлттық ғылыми хирургия орталығына барып қаралды. «Аутоиммунный гепатит» деген диагноз қойды. Дәрі-дәрмектер жазып берді. Кейіннен, 2015 жылдың қыркүйегінде Алматыға тағы баруға тура келді. Сызғанов атындағы ұлттық ғылыми хирургия орталығының «Бауыр, өт жолдары және ұйқы безі» хирургия бөлімшесінің мамандары донор тауып, ота жасау керектігін айтты. Отаға келіспеген жағдайда дәрі-дәрмектер арқылы өмірін екі-үш жыл созады екен» , – дейді Мұхтар.

Бұл хабарды естіген Гүлжахан Баймаханова отбасымен ақылдасып, емдік шараға жүгінеді.

«Отбасымызбен ақылдастық. Анамның қиналғанын көргім келмеді. Мен келісімімді бердім. Алматыда толық тексеруден өттім. Нәтижесінде бауырым анама 100 пайыз сәйкес келетін болып шықты», – дейді Мұхтар.

Мұндай сәйкестіктің орын алуына Мұхтардың спортшы екендігі және ішімдік, темекіге әуестігі болмауы айқын себеп болуы мүмкін. 2016 жылдың 31 тамызында екеуіне — Мұхтарға 16 сағат, анасына 19 сағат ота жасалды. Сәтті аяқталды.

«Өзімнің төрт балам бар, Мұхтар ортаншым ғой. Басында баламның болашағына зияным тиіп кетер деп қарсы болдым. Бірақ дәрігерлер «қорықпаңыз, алаңдайтын ештеңесі жоқ» дегесін мен де келістім. Перзентімнің батылдығы да бойыма күш-жігер берді. Шүкір, қазір жағдайым жақсы», – деді Гүлжахан.

Күрделі отаны орталықтың білікті дәрігері Болат Баймаханов пен Шохан Қаниев жасады. Дәрігерлердің айтуы бойынша анасы мен баласының денсаулығында ешқандай мәселе жоқ. Сондай-ақ мамандар бақылаудағы пациенттердің жиі келіп тексеріліп тұратындығын жеткізді.

 

 

ДереккөзBaq.kz