Прокуратура Jusan тобын Қазақстанға қайтаруға қатысты мәлімдеме жасады

Ведомство мәліметінше, Алматы қаласы Бостандық аудандық соты Pioneer Capital Invest ЖШС мен Jusan Technologies LTD арасындағы First Heartland Jusan Bank АҚ-ның, сонымен қатар онымен байланысты ұйымдардың активтерін шетелдік юрисдикцияларға беру туралы мәмілені жарамсыз деп тану туралы Алматы прокурорының талап арызы бойынша азаматтық іс қозғаған.

2022 жылғы маусымда президент тапсырмасы бойынша елден заңсыз шығарылған қаражатты Қазақстанға қайтару жөніндегі ведомствоаралық комиссия құрылған сәттен бастап бас прокуратура капиталды жымқыру және шетелге шығару деректерін анықтау үшін банк секторында талдау жүргізілді.

Талдау барысында Jusan тобының активтерін басқару құрылымын өзгертудің көлеңкелі схемасы анықталды. Осы схеманы жүзеге асыру нәтижесінде топтың қызметін бақылау құзіреті шетелде тіркелген ұйымдарға өтеусіз берілген. Атап айтқанда, 2020 жылғы 27 сәуірде Jusan тобының иесі Pioneer Capital Invest ЖШС-ның қатысушыларының жалпы жиналысында Pioneer мүлкін шетелде тіркелген Jusan Technologies LTD компаниясының жарғылық капиталына беруді мақұлдау туралы шешім қабылданған, — делінген хабарламада.

Бұл әрекеттер қоғамдық мүдделерге, оның ішінде «Назарбаев университеті» мен «Назарбаев зияткерлік мектептерінің» ондаған мың қазақстандық студенттері мен оқушыларының мүдделеріне қауіп төндіргені айтылды. Себебі Jusan тобының акциялары, облигациялары мен депозиттері бойынша дивидендтері — jcs оқу орындарын қаржыландыру көздерінің бірі.

Бұған қоса 2023 жылғы 3 ақпанда бас прокуратураға бірқатар субъектінің құқыққа қарсы әрекеттерінің салдарынан Jusan тобы шетел азаматтарының бақылауына өтіп кету деректері бойынша прокурорлық қадағалау шараларын қабылдау туралы «Назарбаев қорының» арызы келіп түскен.

Прокуратура органдарының мақсаты — тек әділетті қалпына келтіріп, Jusan тобының активтерін басқаруды Қазақстанның құзырына қайтару. Сонымен қатар талап арыз Jusan Bankтің жұмысына қатысты емес, яғни оның қазіргі қызметіне, сонымен қоса банктің клиенттері мен іскерлік серіктестіктерімен өзара іс-қимылына шектеу қоймайды. Істің сотта қаралуы Jusan Bankтің жұмысына әсер етпейді, ол қалыпты жағдайда жұмысын жалғастырады, — делінген хабарламада.