Ольга Рыпакова кәсіби карьерасын аяқтады

Қазақстан жеңіл атлетика федерациясының мәліметінше, спортшы бұл туралы Астанада жеңіл атлетикадан өткен жабық кешендегі Х Азия чемпионатында хабарлады.

Еліме ризамын! Президент пен спорт жетекшілерінен бастап менің ең жас жанкүйерлеріме дейін бір ғана, бірақ өте маңызды нәрсе – маған сенімі үшін алғыс айтамын. Мені тұлға ретінде, кәсіби спортшы ретінде танытуға мүмкіндік берген тағдырға және Құдайға алғыс айтамын, — деді Ольга Рыпакова.

Отандық спорттың дамуына үлкен үлес қосқаны үшін ҚР премьер-министрі спортшыға алғысхат жолдады.

Сіздің жарқын жеңістеріңіз қазақстандық жанкүйерлердің жүрегінде мәңгі қалады. Біз сіздің спортқа және принциптерге деген адалдығыңызды бағалаймыз. Ел бойынша мыңдаған бала сізден үлгі алады және отандық жеңіл атлетика дәстүрін жалғастырады. Отандық спортты дамытуға қосқан үлесіңіз үшін зор алғыс айтамыз. Құрметпен, ҚР премьер-министрі Әлихан Смайылов, — делінген алғысхатта.

Салтанат соңында спортшы жанкүйерлер алдында құрмет шеңберін жүгіріп өтті.