Қазақстаннан барған құтқарушылар Түркиядағы жағдайды айтты

Вице-министрдің айтуынша, қазір Газиантептегі Атагүл көшесінің бойындағы үйінділерді шығару жұмыстары жүріп жатыр.

ҚР төтенше жағдайлар министрлігінің құтқарушылары екі топқа бөлінді. Негізгі топтағы 30 адам бір нысанда жұмыс істеп жатыр. Ал 10 адамнан тұратын екінші топ Түркия Республикасының құтқарушыларына үйінділерді тазалауға көмектесіп жатыр. Жалпы, жағдай қиын. Үйінділерді тазарту, тірі қалғандарды іздеу жұмыстары жүріп жатыр. Инженерлік техника және басқа да қызметтердің жұмысы жолға қойылды. Көше тағамдарын да еріктілер мен жергілікті тұрғындар ұйымдастырып жатыр. Қала әкімдігінің басшылығы да жұмыс орнында — деді Ибрагим Күлшімбаев.

ТЖМ құтқарушылар
Фото: ТЖМ баспасөз қызметі

Төтенше жағдайлар министрлігінің хабарлауынша, құтқару жасағы екі топқа бөлінген.

Біріншісі – алты қабатты үй, оның толық қирау қаупі бар. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, үйде адамдар болуы мүмкін. Қазіргі уақытта кинологиялық иттер іздеу жұмыстарына кіріскен. Егер адам табылса, иттер тиісті белгі беріп, оларды үйінді арасынан шығарып алу жұмыстары басталады.

Екіншісі – бұл толығымен қираған тұрғын үй, үйінді астында адамдар болуы мүмкін. Жедел ақпарат бойынша, құтқарушылар үйінді астынан қайтыс болған адамның денесін шығарды. Мұнда құтқарушылар конструкцияларды бөлшектеп, іздеу жұмыстарын одан әрі жүргізу үшін үйінді астына түседі

Екі объектіде де құтқарушылар адамдардың болу фактілері толық жойылғанға дейін жұмыс істейді.

Еске салайық, Түркиядағы жер сілкінісінен зардап шеккен аудандардағы іздестіру-құтқару жұмыстарына көмектесу үшін Қазақстан шұғыл түрде құтқарушылар жіберді.