Басты бетЖаңалықтарAғылшын тіліне...

Aғылшын тіліне ресми мәртебе беру ұсынылды

Әділбек Жақсыбековтің айтуынша, Конституция өзгертулерін талқылау жөніндегі жұмыс тобы келіп түскен барлық ұсыныстары бірнеше блокқа жүйелеген. Жетекшінің сөзіне қарағанда, ең көп ұсыныс құқық қорғау және сот блогына қатысты түскен. Олардың саны — 2148. Сондай-ақ Конституцияның 26 бабына да қатысты ұсыныстар мол болған.

«Бұл мәселеге қатысты ашық пікірталас болды. Пікірлер әртүрлі. Азаматтардың бір бөлігі бұл норманы оң бағалап отыр немесе өздерінің редакцияларын ұсынады. Дегенмен, көпшілігі 26 бапқа өзгерту енгізубеуді сұрауда. Сонымен қатар мемлекеттік тілдің рөлін күшейту, ағылшын тіліне ресми мәртебе беру сынды ұсыныстар да бар», — деді Әділбек Жақсыбеков.

Сондай-ақ Парламент өкілеттілігіне қатысты 88 ұсыныс келіп түскен.

«Азаматтар Үкіметті жасақтау барысында Парламент рөлін күшейту қажеттігін қолдайды. Тіпті, адамдар парламенттік республикаға көшуді де ұсынды. Парламентті жасақтау тәртібін өзгертуді ұсынғандар да болды. Атап айтқанда, Мәжіліс депутаттарын бір мандаттық округ бойынша сайлау немесе Парламентті бірпалаталы ету де ұсынылды. Депутаттық корпусқа талапты күшейтіп, бір реттен артық сайлануын шектеу, Мәжіліс және Сенат депутаттарының жас цензурасын арттыру туралы да айтылды. Үкіметтің мәртебесі мен қызметі бойынша ұсыныстар негізінен оның Парламент алдындағы есептілігін күшейтуге қатысты болды. Сөз Үкіметтің барлық құрамын мәжілісмендермен міндетті түрде келісу жайында болып отыр», — деді жұмыс тобының жетекшісі.

ДереккөзInform.kz