Болат Назарбаевқа тиесілі жерлер мемлекетке қайтарылды

Бұл туралы Amanat партиясы жанындағы мемлекеттік басқаруды дамыту және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің төрағасы Ерлан Сайыров айтты.

Ол Қазақстанның әрбір азаматының еншісі саналатын ұлттық байлықты мемлекетке қайтару партияның басты миссиясы екенін атап өтті.

Болат Назарбаевтың еншілес компанияларына тиесілі Маңғыстау облысында 239 мың гектар, Жамбыл облысында 60 мың гектар жер мемлекетке қайтарылды, — деп жазды Сайыров әлеуметтік желідегі парақшасында.

Оның айтуынша, бас прокуратура Болат Назарбаевқа тиесілі Астана, Алматы, Талғар қалалары, Қаскелең елді мекені, Түркістан облысының ең тиімді жерлерінде орналасқан 244 гектар болатын 59 жер телімін анықтаған. Бұл жерлер бизнес-орталықтары, коттедж қалашықтарын салуға арналған.

Бас прокуратура, жер ресурстары комитеті анықтағандай, жер телімдерінің басым көпшілігі заңсыз рәсімделген. Қазір бас прокуратура осы жер телімдерін мемлекет меншігіне қайтару жұмыстарын жүргізіп жатыр. Біз бұл мәселені қоғамдық бақылауда ұстаймыз, — деп уәде берді Сайыров.

Бұдан бөлек, қоғамдық кеңеске азаматтардан Құлыбаев, Клебанов, АрселорМиттал, халық банкі, жусан банкіге қатысты материалдар түсіп жатыр.

Фактілердің барлығы тиісті органдарға тексеруге жіберіледі, — деді кеңес төрағасы.