Шымкентте қылмыстық топтар арасындағы қарулы төбелестің алды алынды

Қалалық прокуратураның қатысуымен жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында Шымкент ПД ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері қала аумағындағы бірнеше мекенжайда күдіктілерді ұстау жұмыстарын жүргізді.

Нәтижесінде полицияға 25-38 жас аралығындағы 10 адам жеткізілді. Олардың үшеуі сот шешімімен қамалды, екеуі үйқамаққа алынды. Қалғандарының рөлі сотқа дейінгі тергеу барысында анықталады.

Олардан заттай дәлелдемелер ретінде Макаров және ТТ тапаншалары, 4 травматикалық тапанша, АК-103 автоматы, 12 калибрлі МЦ 21-12 өздігінен оқталатын мылтығы және 410 калибрлі өздігінен оқталатын Сайга-410 карабині, 16 калибрлі қос ауызды тегіс ұңғылы ТОЗ мылтығы, сонымен қоса әртүрлі калибрлі 93 оқ-дәрі тәркіленді.

Тергеушілер сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында биыл қаңтар айының басында бір топ адам жергілікті тұрғынды ұрлап, қала сыртына алып кеткенін анықтады. Олар оны ұрып-соғып, пневматикалық қарумен жаралаған.

Ер адам заңды түрде полицияға жүгінудің орнына, қылмыскерлерден кек алу мақсатында өзінің таныстарын қаруландырып, қару-жарақ ала бастаған. Бірақ полицияның жедел әрекеті бойынша адам шығынына әкеп соғуы мүмкін қарулы қақтығыстың алды алынды.

Қазіргі таңда аталған дерекке қатысты Шымкент қаласы ПД-ның тергеу басқармасы ҚР ҚК-нің 287-бабы 4-бөлігі (Адамдар тобының атыс қаруы мен оқ-дәрілерді заңсыз сатып алуы, сақтауы, алып жүруі немесе тасымалдауы) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізіп жатыр.