Смайыловтың төрағалығымен Шымкентті дамыту жөніндегі кеңес өтті

Отырыста жаңа өнеркәсіп объектілерін іске қосу, автокөлік жолдары мен тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту, әлеуметтік мекемелерді салу және реконструкциялау мәселелері қаралды.

Смайылов үкімет президенттің сайлауалды бағдарламасында ұсынылған кең ауқымды реформаларды іске асыруға кіріскенін атап өтті.

Онда халықтың тұрмыс сапасы мен әл-ауқатын арттыруға ерекше маңыз беріліп отыр. Осы міндеттерге қол жеткізу үшін егжей-тегжейлі іс-қимыл жоспары әзірленіп, бекітілді, — деді премьер-министр.

Оның айтуынша, қала әкімдігі инженерлік инфрақұрылымды, атап айтқанда жылу, электр, газ, сумен жабдықтау желілерін жаңғыртуға басымдық беруі керек.

Шымкент елдің оңтүстігінде орналасқаннан кейін мұнда қақаған аяз сирек болады. Соның өзінде қала тұрғындарының шағымы азаймай тұр. Мысалы, “Жаңа Талап”, “Тұран” шағын аудандарындағы көпқабатты үйлер жылусыз қалған. Бұған жол беруге болмайды, — деді Смайылов.

Үкімет басшысы қаладағы құрылыс қарқынына оң баға берді. Атап айтқанда, кейінгі екі жылда 2 миллион шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілді.

Сонымен қатар ол мегаполисте көлік желісіне жүктеме артып келе жатқанын, бұл жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстарының сапасын, сонымен бірге әлеуметтік инфрақұрылымды едәуір жақсартуды талап ететінін, осыған байланысты жаңа мектептер, ауруханалар мен басқа да әлеуметтік нысандарды уақытылы ашу қажеттігін айтты.

Алдағы үш жылда қалада 68 мың оқушыға арналған 54 мектеп салу жоспарланып отыр. Бұл Шымкенттегі үш ауысымды оқыту мәселесін шешуге септігін тигізеді, — деді Әлихан Смайылов.