Қазақ мифологиясында адам жейтін, сирақтан ұстап суға батыратын, алдап-арбайтын, бірақ түбі үнемі жеңіліске ұшырайтын зұлымдар бар. Бұл — мифтік кейіпкерлер. Жалмауыз кемпір мен мыстан кемпір, албасты мен жезтырнақ қалай пайда болды? Жағымсыз кейіпкерлер не себепті әйел бейнесімен берілген?

Қазақ мифологиясында қандай кейіпкерлер бар?

Мифологияда 40-тан астам кейіпкер бар. Олардың бірі адам жанын алатын қаскүнем болса, енді бірі — жағымды кейіпкерлер. “Қазақтың мифтік кейіпкерлері” деген кітапта қазақ фольклорындағы мифтік кейіпкерлер алты топқа жіктелген:

Тотемдік кейіпкерлер: көк бөрі, көк өгіз.

Шамандық кейіпкерлер: самұрық, бәйтерек, бақсы.

Демонологиялық кейіпкерлер: албасты, жезтырнақ, жалмауыз, мыстан кемпір, пері, шайтан, жын, дию.

Хтоникалық кейіпкерлер: дәу, алып, ергежейлі .

Ілкі қаһармандар: сиқырлы көмекшілер (таусоғар, көлтауысар, саққұлақ, желаяқ, епті), Пірлер (Қамбар ата, Зеңгі баба, Ойсыл қара, Сексек ата, Шопан ата).

Трансформацияланған мифтік кейіпкерлер: Қаңбақ шал, Тазша бала.

Давалпа-қонаяқ, пері — пари

Ислам тарағанға дейінгі кезең кейіпкерлері тек қазақ ауыз әдебиетінде, ал өзге кейіпкерлер басқа да Орта Азия елдері фольклорында жиі кездеседі. Мысалы, араб-парсы фольклорындағы давалпа — қазақ мифологиясындағы қонаяқ. Бұл — үсті адам, бірақ аяғы буынсыз, белдік сияқты ұзын жын сипатты кейіпкер. Қонаяқ адамдар арасында емес, орманда, ағаш басқан аралдарда өмір сүреді. Бұтақ үстінде отырып, құрбанын күтеді. Жалғыз жүрген саяхатшының үстіне секіріп, әлгі ұзын аяғымен байлап, қылқындырып, жеп қояды деген дерек бар.

Ал пері бейнесі (өзге халықтар пари дейді) тәжік, памир халықтарында, ауғандарда, парсыларда сақталып, кейінірек түркітілдес мифологияда рөлі күшейген. Игі ниетті перілер мифология бойынша құс, құндыз, уы жоқ ақ немесе сары жылан кейпінде пайда болады. Ал зұлым пері улы жылан, бақа, тасбақа, жолбарыс сынды жыртқыш аң бейнесінде болады.

Қазақ мифологиясын Шоқан Уәлиханов, Әуелбек Қоңыратбаев, Серікбол Қондыбай, Сейіт Қасқабасов және тағы басқа ғалымдар зерттеген. Әр ғалым мифті түсінуге талпынып қана қоймай, мифтік кейіпкерлердің диахрондық бейнесін, яғни шығу тарихын баяндауға тырысты. Ашық дереккөздерге сүйеніп, мифтік кейіпкерлер қалай пайда болғаны мен ерекшеліктеріне тоқталайық.

Пері

Қазақ демонологиялық фольклорындағы пері – әйел заты кейпіндегі демондық құбылыс. Аңыздар мен ертегілерде пері бейнесі көп айтылады. Қазақ ұғымында перінің діни сенімдік сипаты бар: олар мұсылман перісі және кәпір перісі болып бөлінеді. Ертегілер мен аңыздарда перінің қыздары аққу болып ұшып жүреді. Олар көлге кеп шомылғанда адам оның аққу бейнесіндегі пердесін сыпырып, аруға айналған пері қызымен некелескені туралы ертегі әлде аңыздар бар.

Иллюстрация: Бекзат Исамбергенов/Baribar.kz

Перінің қызымен қарым-қатынас орнатып, тіпті одан ұрпақ көргендер жайында да айтылып жатады. Перімен абайлап қарым-қатынас жасамаса, ол жанға қас болуы мүмкін. «Перінің кәріне ұшыраған» адамды «пері соққан» деп жататыны содан.

Мыстан кемпір

Бұл — қазақ ауыз әдебиетінде жиі кездесетін бақсы кейіпкер. Ол кейбір әңгімелерде ақымақ болып көрінгенімен көбіне дөрекі әрі ашулы болады. Мыстан кемпірдің де сырт келбеті кәдімгі бақсы-демондық кейіпкерлер сияқты: шашы ұзын әрі тіке, тырнақтары өткір, тістері қисық. 

Иллюстрация: Бекзат Исамбергенов/Baribar.kz

Мыстан кемпір ертегілерде көбіне тісімен жер қазып, жылқы қуып, асқа у салып, бас кейіпкерді ұрлап, тұтқынды байлап ұстап немесе тірідей жеп қояды. Бұл кейіпкер «Ер Төстік», «Алтын сақа», «Мыстан Кемпір», «Күн астындағы Күнекей қыз», «Ай астындағы Айбарша сұлу» және тағы басқа ертегіде кездеседі.

Жалмауыз кемпір

Жалмауыз – қазақ мифологиясындағы қарға тұмсықты, аяқ-қолының тырнағы сояудай, әрі қайратты, адам жегіш жауыз кемпір кейпінде бейнеленетін кейіпкер. Жалмауыз кемпір көбінесе ер балаларды аңдып, жеп қоюды мақсат етеді. Жалмауыз кемпірдің фольклорлық демонологияға енуін зерттеген ғалымдар оны сонау матриархат дәуірінде шыққан дейді. Ежелгі заманда әулет, ру, тайпаның, барлық іс-жоралғылардың тізгіні әйел затының қолында болып, кейін патриархат басымдыққа ие болады. Сол заманнан бастап, негізінен әйел бейнесіндегі демондық кейіпкерлер көбейе түскен. Соның бірі – осы жалмауыз кемпір. 

Иллюстрация: Бекзат Исамбергенов/Baribar.kz

Кейде оны жетібасты, ұзын, өткір тырнақтары бар кейіпкер ретінде сипаттап жатады. Жалмауыздың жынысы туралы нақты ақпарат жоқ. Сонымен қатар ол қандай да бір зат кейпіне еніп, адамға сезілмей жүріп, оған мықтап жабыса алады.

Жезтырнақ

Әдетте, жезтырнақ қолын жеңінің астына сұғып алатын сұлу да, мұңайған қыз ретінде бейнеленеді. Киімі алтын-күміс әшекеймен безендірілген. Бұл — қазақ мифологиясындағы жыртқыштардыкі тәрізді ұзын да өткір тырнағы бар, адамға қас қылатын, қара ниетті сұлу әйел. 

Жезтырнақ көбінесе иен далада, өзен-көл жағасында бейсауат жүрген адамдарға кезігіп, оларға қастық жасауға тырысатыны туралы ертегі-аңыздарда айтылады. 

Иллюстрация: Бекзат Исамбергенов/Baribar.kz

Негізгі атрибуттары — алтын тиындары бар әмиян, өрілген ою-өрнектері бар күміс таспа. Аңыз бойынша, олар тұратын үңгірлерде қазына жасырылған.

Жезтырнақ туралы қазақ аңыз-ертегілерімен қатар түркі халықтары фольклорында да айтылады. Қырғыз мифологиясында бұл «жезтумшүк», «шүлбус», алтай-саян түріктерінің фольклорында да дәл осы атаумен кездеседі.

Жезтырнақ «Құламерген», «Жерден шыққан желім батыр», «Аламан мен Жоламан», «Алпамыс батыр», «Өтеген батыр» хикаяларында, дастандарда, аңыздарда кездеседі.

Албасты

Албасты барлық түркі тілдес халық мифінде кездеседі, бірақ әр елде сипаты мен бейнесі әртүрлі.

Қазақ мифологиясында Албасты зиянкес, зұлым жын бейнелерінің бірі ретінде берілген. Албасты кез келген тіршілік иесіне айналса да, оны жиі су жаратылысымен байланыстырады. Албасты —  аузынан өткір тісі шығып тұратын семіз, түкті әйел, оның салбыраған төсі жерге жетеді.

Иллюстрация: Бекзат Исамбергенов/Baribar.kz

Албастыны көбіне аузына әйел өкпесін тістеген түлкі, желіні жер сызған ешкі немесе түр-сиықсыз қаншық ит түрінде көреді. Қазақ түсінігіндегі бұл кейіпкер босанып жатқан әйелді кеудеден басып тұрып, өкпесін ұрлап алады да, жүгірген бойы өзенге тастайды. Осыдан босанып жатқан әйел өледі. Ал албасты өкпені алып қашып бара жатқанын көріп, оны ұстап алып мәжбүрлесе, қайтарып әкеледі. Сөйтіп әйел қайтадан тіріледі. «Албасты басқыр!» дейтін қарғыс осыдан шыққан болуы мүмкін.

Қазақ мифологиясында Албастының «сары албасты», «қара албасты» деген екі түрі бар. Қара албастыны ешбір бақсы-молда қашыра алмайды, ал сары албастыны бақсының не қамшының күшімен қашыруға болады. Қара албасты басқан әйел ақыры есін жия алмай қайтыс болады делінеді. Мысалы, Махамбеттің Жәңгір ханға арнаған өлеңінде де былай делінеді:

Хан емессің қасқырсың,

Қара албасты басқырсың

Достарың келіп табалап,

Дұшпаның сені басқа ұрсын.

Албасты адамның көзіне жоғарыда айтылған жан-жануардан өзге, түрлі зат кейпінде де көрінуі мүмкін.

Албасты зұлым рухы Моңғолиядан Германияға, Еділ бойынан Түркия мен Иранға дейінгі аумаққа таралған. Қырғыздар оны «албасты», тәжіктер «албарсты», «алмасты», «абарси» деп атайды. Анадолы түріктері мен Қырым армяндары «албасты» десе, марий, удмурттар, чуваштар, татарлар, башқұрттар «албаста» немесе «албасты», алтайлықтар «албылар», моңғолдар «альбин» дейді. Халықтар нанымында албасты —  ең мобильді демонологиялық кейіпкер.

Үббе

Үббе немесе үбі – қазақ нанымында судың ішінде болатын құбыжық. Үббе өзен-көлге шомылып суға түсіп жүрген адамдардың сирағынан ұстап батырып өлтіреді. Ертеде адамдар суда жүргенде қорқыныш сезсе, «Үббе, маған тиіспе!» деп айғайлайтын болған.

Иллюстрация: Бекзат Исамбергенов/Baribar.kz

Қазақ баласына кешке таман немесе түнде аса бір қажетік болмаса, суға баруға, күн таласып тұрған кезде шомылуға тыйым салған. Суға барған жағдайда, шелекке пышақ салып қою керек деген ырым бар. «Үббе» деген атаудың өзі «үптеу» (жоқ қылу) деген етістікпен байланысты болуы мүмкін.

Сонымен қатар қазақ демонологиясында «үбіжәй», «бүжәй» дейтін кейіпкер бар. Көбіне Үбіжайды айтып, кішкентай балаларды қорқытады. Әр өңірде қолына қорқынышты бірдеңені ұстап алып «Үбіжәй келе жатыр! Жыласаң, үбіжәй алып кетеді!» деп баланы тәртіпке салып жатады. Мұны айтқан адам «үбі», «үбіжәй», «бөжей», «бөжек», «үбіжік» дейтін осы құбыжықты меңзеп тұр. Үббе мен үбіжәй негізі бір ұғым деуге болады.

Мифологияда жағымсыз кейіпкерлер не себепті әйел кейпінде бейнеленген?

Гүлзат Қанат. Фото жеке архивінен

Психолог, Ақтөбе психоанализ қауымдастығының басшысы Гүлзат Қанат қазақ мифологиясындағы жағымсыз кейіпкерлердің көбі әйелдер дейді. Мұның себебін психолог балалық травамамен байланыстырып түсіндіріп берді.

Оның айтуынша, мифтік жағымсыз кейіпкерлердің көбіне әйел болғаны бейсанадағы «жаман ана» деген түсінікке байланысты.

Жалпы адамзатқа ортақ “топтық бейсана” деген процесс бар. Бұл ортақ бейнелер — аңыз, миф, ертегілер арқылы шығады. Бала туыла сап анасын іздейді, тәулік бойы оның жанында болуын бейсаналы түрде талап етеді. Ал бұл мүмкін емес. Анасы дер кезінде омырауын тосып, емізе алмауы мүмкін. Бала жылап жатқанда өзі киім ауыстырып немесе тамақ ішіп жатқан болуы мүмкін. Одан өзге түрлі тұрмыстық ұсақ себеп көп. Анасы дер кезінде баланың қажеттігін өтей алмай, “жылатып қойған” соң, балада “жаман ана” деген түсінік, бейне пайда болады. Мифтегі жұтып қоятын, жеп қоятын зұлым кейіпкерлердің ер емес, әйел болғаны осыдан. Демек, баланың әкеден гөрі, ананы қажет етіп, бала шақтағы басты әрі алғашқы реніш-назы анасына қатысты болғанына байланысты, — дейді Гүлзат Қанат.