Ағылшын тілінен тапсырылатын TOEFL мен IELTS тесттерінің форматы бірдей: сол тілде оқу, жазу, сөйлеу және тыңдау жетістіктеріңізді бағалайды. Айырмашылығы — тесттің мақсаты мен бағалауында.
Мақсаты
Шетелде оқығыңыз келсе, IELTS AM немесе TOEFL iBT тапсыруыңыз керек. Осы жерде мынаны ескеріңіз: бірқатар мамандықтарда оқу үшін IELTS-тің академиялық модулін тапсыру керек. Ал жұмыс пен эмиграция үшін жалпы модельді IELTS жеткілікті. Кейбір елдерде тесттің екеуі де жарай береді. Алайда баратын жеріңізден барлығын анықтап сұрап алғаныңыз дұрыс.
TOEFL пен IELTS-ты ағылшын тілінің әртүрлі нұсқаларына бола: америкалық ағылшын тілі, британиялық ағылшын тілі деп таңдауға болмайды. Ол тек жазу мен сөйлеуде ғана байқалады. Грамматика мен сөздік қор екеуінде де бірдей.
TOEFL интернетпен тапсырылады. Ол үшін электронды ақпаратты тез қабылдау мүмкіндігі мен мәтінді тез тере білуіңіз керек — таймер бәрін есептейді.
Ал IELTS қағаз түрінде тапсырылады.
Сондай-ақ, IELTS-та оқу, жазу, сөйлеу мен тыңдау бөлімдері нақты бөлініп, көрсетіледі. TOEFL-да бәрі аралас.
Жарамдылық мерзімі
Екі тесттің де жарамдылық мерзімі — 2 жыл. Уақыты өткен соң, қайта тапсыруыңыз керек.
Жас ерекшелігі мен қолданылу аясы
Емтихандарды 16 жастан бастап тапсырған дұрыс. IELTS AM мен TOEFL-дің тапсырмалары оңай деуге болмайды. Онда биология, география, археология, тарих және өзге де ғылымдарға жататын академиялық тақырыптар бар. Сондықтен тек ағылшын тіліне ғана дайындала бермей, басқа салаларды да естен шығармау керек.
Ал IELTS GT-да академиялық тапсырмалар жоқ, тек күнделікті өмірде сөйлей алу деңгейіңізді анықтайды.
Бағалау
IELTS-та әр бөлім жеке-жеке 1-9 бал аралығында бағаланады да, орташа балы есептеледі. Сертификатта барлығы жазылады. Яғни оқудан, жазудан, сөйлеуден, тыңдаудан қанша жинағаныңыздың бәрі көрсетіледі.
TOEFL-да әр бөлім 1-30 бал аралығында бағаланады да, бәрі қосылып, максималды бал есептеледі. Оның шегі — 120 бал.
Екі тесттегі балдардың қатынасы төменде көрсетілген:
TOEFL Score | IELTS Band | CEFR Level |
0–31 | 0–4 | |
32–34 | 4,5 | |
35–45 | 5 | B1 (intermediate) |
46–59 | 5,5 | |
60–78 | 6 | B2 (upper-intermediate) |
79–93 | 6,5 | |
94–101 | 7 | |
102–109 | 7,5 | C1 (advanced) |
110–114 | 8 | |
115–117 | 8,5 | |
118–120 | 9 |
Қайсын таңдау керек?
Компьютермен жұмыс істеген ұнаса және мәтінді тез тере алсаңыз — TOEFL.
Оқу, сөйлеу, жазу, тыңдаудың араласып келгенін қаласаңыз — TOEFL.
Қағаз, қарындаш және қаламсаппен жұмыс істеген ұнаса — IELTS.
Компьютермен «сөйлсекіңіз» келсе — TOEFL.
Емтихан алушымен сөйлесіп, жауабыңыздың магнитафонға жазылғанын қаласаңыз — IELTS.
Тесттің әр бөлімінің нәтижесіне жеке-жеке сипаттама алғыңыз келсе — TOEFL.
Әр бөлімге қалай жауап бергеніңіз қажет емес, тек бал керек болса — IELTS.
Деңгейіңіз Intermediate/B1-ден төмен болса — IELTS. Себебі TOEFL-да орта деңгейді анықтайтын тапсырмалар өте аз.
АҚШ-та оқу— TOEFL.
Ұлыбритания, Канада немесе Австралияда оқу — IELTS Academic.
Батыс Еуропа елдерінде оқу — TOEFL немесе IELTS.
Ұлыбритания, Канада немесе Австралияға жұмыс істеуге бара жатсаңыз — IELTS General Training немесе Academic.
Қай тестті таңдасаңыз да, сол тілде мүдірмей сөйлеудің жеткіліксіз екенін естен шығармаңыз. Сонымен бірге ойлау, мәтінді қорыту, есте сақтау қабілеттеріңізді де жетілдіріңіз. Сонда өзіңіз ойлаған нәтижеге қол жеткізесіз.