Министр қай өңірлерде жайылым тапшы екенін айтты

Министр жайылым жетіспеушілігі туындап отырған уақытта елдің жер ресурстарын ұтымды әрі тиімді пайдалану мәселесі бірінші орында тұруға тиіс екенін атап өтті.

Республиканың 17 облысының ішінде жеке қосалқы шаруашылықтардың мал жаюы үшін 15 облыста жайылымдардың тапшылығы байқалады. Әсіресе Түркістан, Қызылорда, Алматы және Атырау облыстарында, — деді Қарашөкеев үкімет отырысында.

Осыған байланысты былтыр мемлекетке пайдаланылмаған және заңнаманы бұза отырып берілген 5,2 миллион гектар жер қайтарылды. Тиісті шаралар қабылданғаннан кейін жер пайдаланушылар 1,85 миллион гектар алаңда өз жерлерін игеруге кіріскен.

Сонымен қатар министр ғарыштық мониторинг деректері негізінде 5 миллион гектар ауыл шаруашылығы жерлерін қайтару бойынша 2023 жылға арналған жоспар әзірленгенін атап өтті.

Бұдан бөлек, цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігімен бірлесіп биыл 16 қаңтарда 2022 жылы мемлекетке қайтарылған ауыл шаруашылығы жерлерінің интерактивті картасы jerkarta.gharysh.kz геосервисі іске қосылды.