Елімізде биылдан бастап мектеп формасы қалай өзгереді?

Өңірлік коммуникациялар қызметінің онлайн брифингінде Алматы қалалық білім басқармасының рухани-адамгершілік тәрбие бөлімінің басшысы Нұргүл Тау елімізде енді қыздар мен ұлдар үшін мектеп формасына түйме немесе сыдырмасы бар трикотаж күрте (кардиган), поло жейде немесе тенниска қосылғанын мәлімдеді.

Ер балаларға арналған мектеп формасы:

  • пиджак, жилет, шалбар, мерекелік жейде, күнделікті жейде, не түймелері бар немесе сыдырмалы тоқылған күрте (кардиган), поло жейде немесе тенниска (қыс мезгілінде: трикотаж жилет, водолазка). Ұлдарға арналған шалбарлар еркін тігілген және ұзындығы бойынша тобықты жауып тұрады.

Қыз балаларға арналған мектеп формасы:

  • пиджак, жилет, белдемше, шалбар, классикалық жейде, не түймелері бар немесе сыдырмалы тоқылған күрте (кардиган), поло жейде немесе тенниска (қысқы уақытта: трикотаж жилет, сарафан, водолазка). Қыздарға арналған шалбарлар еркін тігілген және ұзындығы бойынша тобықты жауып тұрады. Мерекелік формаға (ұлдарға ақ көйлек, қыздарға ақ блузка) қойылатын талап алынып тасталды. Сонымен қатар галстук тағу енді міндетті элемент емес.

Нұргүл Таудың айтуынша, Алматыда түсіндіру жұмыстары басталған.

Бізде қазір оқу жылының ортасы болды. Жаңа оқу жылынан бастап әр мектептің қамқорлық кеңесі ата–аналармен кеңесіп, оларға қажет стильді таңдайды, — деді ол.

Бұл ретте ол бала поло немесе жилеттің бірін таңдай алатынын айтты.

Ол бала белгіленген мектеп формасын кимесе, кімнің жауапты болатынын жеткізді.

Бұған класс жетекшісі жауапты емес, бірақ ол оқушылармен, ата-аналармен түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, оқушының мектептегі киім үлгісіне ата-анасы жауапты екенін жеткізуі керек. Бала мектеп формасын кимесе, Білім беру саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаментіне хат жолданады, онда тиісті жұмыстар жүргізіледі, — деді Нұргүл Тау.

Алматы білім басқармасының әкімшілік-құқықтық бөлім басшысының міндетін атқарушы Ілияс Оралбаев белдемше түсі, стилі, ұзындығын орта білім беру ұйымы және мектептің ата-аналар жиналысының хаттамасымен бекітілген қоғамдық кеңес белгілейтінін айтты.

Жаңа ережеге сәйкес, мектеп формасына орта білім беру ұйымының ерекшелік белгілері: эмблема, тігіспе, шеврон орналастыруға рұқсат етіледі. Мектеп формасына арналған маталар — сапасы жақсартылған, тез тозбайтын, бактерия, микробқа қарсы және антистатикалық қасиеттері бар жартылай жүн және мақта маталар болғаны жөн. Бұрын бұл міндетті талап болатын, — деді Ілияс Оралбаев.

2022 жылғы 30 желтоқсанда оқу-ағарту министрі қол қойған бұйрық 2023 жылғы 5 қаңтардан бастап күшіне енді.