Былтыр әлеуметтік төлемдерге 441 миллиард теңге жұмсалды

Бұл туралы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі хабарлады.

Еңбекке жарамсыздығына байланысты 97,6 мың адамға 30,5 миллиард теңгенің жәрдемақысы төленді, бұл 2021 жылмен салыстырғанда 13%-ке артық. Жәрдемақының орташа мөлшері – 37 784 теңге.

Ал асыраушысынан айырылған 61,4 мың отбасы 21,3 миллиард теңге жәрдемақы алды, төлемнің орташа мөлшері – 40 928 теңге.

Жүктілікке және босануға, жаңа туған баланы асырап алуға байланысты табысынан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік төлем бала күтіміне байланысты демалыстың барлық күніне тағайындалады. 197,9 миллиард теңге көлеміндегі біржолғы төлемді былтыр 251,1 мың адам алды, бұл өткен жылмен салыстырғанда 60%-ке артық. Төлемнің орташа мөлшері – 809 226 теңге.

Айта кетері, 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап бала күтімі бойынша әлеуметтік төлемнің мерзімі бір жастан бір жарым жасқа дейін ұлғайды.