Қос азаматтығы бар Ресей азаматы елден шығарылды

Астана сотының 2023 жылғы 13 қаңтардағы хабары бойынша, Т. деген адам 2020 жылғы тамызда Қазақстан азаматы бола отырып, Ресей азаматтығын алған, бірақ 30 күнтізбелік күн ішінде ҚР ішкі істер органдарына немесе шетелдегі мекемелеріне шетел азаматтығын алу фактісі туралы хабарламаған және ҚР паспортын және (немесе) жеке куәлігін тапсырмаған.

Сотта Т. кінәсін мойындап, заң талаптарын білмеуіне байланысты бұзушылыққа жол бергенін түсіндірді. Өйткені Ресей Федерациясының азаматтығын алу үшін ол ҚР азаматтығынан бас тарту туралы өтініш жазған және оны жеткілікті деп санаған. Бұл фактіні полицияның желілік бөлімінің қызметкерлері 2023 жылғы қаңтарда Астана қаласының халықаралық әуежайында көліктік бақылаудан өту кезінде анықтады. «ҚР азаматтығы туралы» Заңның 21-бабына сәйкес, егер адам басқа мемлекеттің азаматтығын алса, ҚР азаматтығы жойылады», — деп жазды Астана қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты

Әкімшілік құқық бұзу туралы кодекстің 496-бабының 2-бөлігі бойынша, ҚР заңнамасында белгіленген мерзімдерде шетел азаматтығын алу фактісін хабарламағаны үшін айыпталушыға 200 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады немесе Қазақстан аумағынан шығарылады.

Сот қаулысымен Т. әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, оған ҚР аумағынан шығарып жіберу түрінде әкімшілік жаза қолданылды.

Сот шешімі шығарылған күннен бастап заңды күшіне енді.