Қоғамдық жерде балағат сөз айтқандарға айыппұл салынады

Басқарма басшысының міндетін атқарушы Азамат Құрымбаевтың айтуынша, әкімшілік құқықбұзушылық кодексте ұсақ бұзақылық үшін айыппұлдың көлемі артты. Қамауға алу мерзімі де ұзартылып отыр.

Қазіргі кезде мұндай құқықбұзушылық үшін соттың шешімімен 5 АЕК (17 250 теңге) көлеміндегі айыппұл немесе 15 тәулікке қамауға алу жазасы қолданылады. Ал жаңа редакция бойынша айыппұл 20 АЕК (69 000 теңге), ал қамауға алу мерзімі 5 тәуліктен 30 тәулікке дейін болады, — деді Құрымбаев ішкі істер министрлігінде өткен брифингте.

Бұл өзгерістер наурыздың басында күшіне енеді. Жаңа редакцияда ұсақ бұзақылыққа қоғамдық жерде балағат сөз айту, жеке тұлғаларға жармасу, ғимараттарды және басқа да құрылыс нысандарын, қоғамдық орындарды, тұрғын үйлерді, көліктегі мүлікті қорлау және тағы басқа қоғамдық тәртіпті бұзатын әрекеттер жатады.