Қазірдің өзінде ұйымдастырушылар екі бірдей ауыл балаларына тегін мастер-кластар өткізіп үлгерген. Алғашқысы Алматы облысындағы Қарасаз ауылында ұйымдастырылса, жақында екінші рет тәлімгерлер Тараз маңындағы Талапты ауылына барып қайтты.

«Қазір жобаға 15 адам атсалысады. Қарасазда біз 17 балаға тәлімгерлік етсек, ал Талаптыда 11 жеткіншекті оқыттық. Олардың барлығы бағдарламалаудың бастапқы курсынан өткені туралы сертификат алды», — дейді жоба бастамашысы Абзал Қожахмет.

Абзал Қожахмет Jusan Business бөлімінде фронтенд құрастырушы болып қызмет атқарады. 23 жастағы маман негізгі жұмысынан тыс, бағдарламалау шетелдік мектепте бағдарламалау бойынша сабақ береді. Дегенмен ол мұнымен шектелгісі келмеген.

Ауыл балалары бағдарламалау мен сайт құрастыруды тегін үйреніп жүр
Фото: Jusan Bank PR қызметі

«Уақыт жағынан үлгермегендіктен көп адамды оқыта алмаймын, бір уақытта тек 10 адамға ғана тәлімгерлік етемін, бірақ мұнымен шектелгім келмеді. Қазақстанды IT-державаға айналдыру туралы арманыма жеткім келді. Осы тұста бір күні Jusan қолдаған «Кел, балалар, оқылық» жобасы жайлы естідім. Өзіме жобаның мәні ұнады. Бұл жоба бойынша ауыл балалары операторлық, актерлік және режиссерлік машықтарды меңгеріп, соның нәтижесінде видеоклип түсірген еді. Риясыз көңілмен өткізілген осы бір жоба маған шабыт сыйлады. Әріптесіме балаларға бағдарламалауды тегін үйрететуге болатыны жайлы ұсыныс айттым. Осылайша, жобаны Auyl.go деп атап, іске кірісіп кеттік», — дейді Абзал.

Маман бұл бастама кейін Jusan тарапынан қолдау тапқанын айтып ағынан жарылды.

«Алғашқы ауылға барарда әріптестеріміз бе достарымыз қаржылай жағынан жәрдемдескен еді. Себебі біз үшін бірінші кезекте ауылға жету маңызды еді. Кейіннен бұл жоба жайлы басшылық естіп, бізге қолдау көрсетті. Себебі бұл бастамамыз Jusan-ның «Әрбіріңізге сенеміз» деген ұстанымымен тұспа-тұс келді. Жоба банктің ғана емес, мектеп басшылығының да көңілінен шықты. Олар қажетті құрал-жабдықтарды берді. Өйткені кей баланың үйінде интернет немесе ноутбук, компьютерлері жоқ еді», — дейді Абзал.

Ауыл балалары бағдарламалау мен сайт құрастыруды тегін үйреніп жүр
Фото: Jusan Bank PR қызметі

Оның сөзінше, ауыл жастарының мүмкіндігі аз. Абзал елімізді дамыту үшін оларға жағдай жасау қажет деп есептейді.

«Негізігі идея – ауыл балаларын бағдарламалауға баулу болды. Себебі мүмкіндіктің бәріне қолы жете бермейді. Мысалы, IT жайлы әлі де болса бастапқы түсініктері жоқ адамдар да бар. Меніңше, Қазақстанды биікке шығаратын да осы —  IT саласы. Сондықтан бұл мамандықтың елімізде жаппай дамуына жағдай жасауымыз қажет. Өз басым жеткіншектер мамандық таңдағанда IT мен бағдарламалаудың не екенін түсінгенін қаладым. Қандай да бір түсінік пен қызығушылық болса, онда әрі қарай YouTube-тен видеосабақ көрсе де, өздері үйреніп алады», — дейді IT маманы.

Ауыл балалары бағдарламалау мен сайт құрастыруды тегін үйреніп жүр
Фото: Jusan Bank PR қызметі

Балалар теориямен қоса, екі күндік интенсив соңында не үйренгенін көрсетуі қажет. Мәселен, дәрісті аяқтаған соң олар ауылдың сайтын жасайды екен.

«Біз мастер-класс барысында бағдарламалау негіздерін, сайтты қалай құрастыру керегін, қалай код жазатынын үйреттік. Мастер-класс аяқталған соң олар өз бетінше ары қарай дайындалуы үшін болатын әдістемелер мен кітаптар сыйға тарттық. Алдағы уақытта балалармен ZOOM арқылы байланысқа шығып, құрастырған сайттарын әрі қарай дамыту бойынша кеңес бермекпіз», — дейді Абзал.