Динара Егеубаева

Динара Егеубаева — тәуелсіз журналист, белсенді. Жыл бастала салысымен оның көлігі өртенгені белгілі болды. Бұл жөнінде журналистің өзі және белсенділер, «Не дейді?» YouTube-арнасы хабарлады.

Арнаның хабарлауынша, көліктің салоны түк қалмай өртеніп кеткен. Журналист Facebook-парақшасындағы тікелей эфирде мұны «өміріне жасалған қастандық» деді.

Салонның ішінде кірпіш жатыр. Оны көліктің артқы әйнегінен лақтырған. Мен есеңгіреп қалдым… Көлік аулада тұр. Жанында басқа көліктер тұр. Жарылыс болуы мүмкін еді. Өте үлкен. Онда бірінші қабатта тұратын адамдар қаза табуы мүмкін еді. Олардың не істеп жатқанын түсінесіздер ме? Полиция, өрт сөндірушілер келді… Бұл — Тоқаевтың «Жаңа Қазақстаны» деді, — журналист Динара Егеубаева тікелей эфирінде.

Фото: видео скриншоттары

Кейінірек полиция оқиғаға қатысты 5 күдікті ұсталғанын хабарлады. Бесеуі де жасөспірім. Күдіктілер айыбын толығымен мойындаған көрінеді. Олардың айтуынша, белгісіз біреу Telegram-чаты арқылы байланысқа шығып, Динара Егеубаеваның мекенжайы, көлігі жөнінде ақпарат жіберіп, тапсырма беріп отырған. 

Динара Егеубаева
Динара Егеубаева. Фото: 365info.kz

Әріптесіміз қоқан-лоққы көрген жайт жалғыз бұл емес. «Әділ сөз» қоры мәліметінше, 2022 жылғы 16 қыркүйекте Динара Егеубаеваны полиция куәгер болуға шақырған. Журналистің айтуынша, полицияға бір ер адам хабарласып, Жамбыл көшесі, 131 мекенжай бойынша бомба қойылғанын хабарлаған. Ол жарты сағат ішінде журналист одан кешірім сұрамаса, бомбаны жаратынын айтқан. Динара дәл осы мекенжай бекер таңдалмағанын, ондағы үйін 20 жыл бұрын сатып жібергенін айтты. Тәуелсіз журналист бұл жағдайды қызметіне байланысты бір ескерту деп топшылады.

Былтыр қараша айында Динара Егеубаева бірнеше рет қоқан-лоққы көргенін хабарлаған еді. Әуелі белгісіз біреулер оның көлігін бүлдіріп, құлпын бұзып, доңғалағының желін шығарып кеткен.

2 күннен кейін, 20 қарашаға қараған түні журналист үйіне полиция келгенін хабарлады. Бұл жолы да алдыңғы аноним қоңырау бойынша тексеру жүргізген полиция қызметкерлері келген. Полиция журналистің көлігіне мина қойылған деген аноним хабарлама алғанын айтқан. Динара түсінік хат жазды.

Самал Ибраева

Самал Ибраева. Фото: Tengrinews.kz

18 қаңтарда Ulysmedia.kz сайтына шабуыл жасалып, желіде редактор Самал Ибраеваның жеке дерегі жарияланып кетті.

Редактор мұны «жеке басына қол сұғу» деді. Ол шабуыл редакцияның саясатына қатысты болды дейді. 

Бүгін белгісіз біреулер Ulysmedia.kz сайтын бұзды. Бізде бұған дейін шыққан барлық материалды өшіріп тастаған. Резервтегі барлық көшірме жойылған. Сайтта маған және отбасыма қатысты барлық материал, кәмелетке толмаған балаларым туралы барлық құжат, ешқашан әлеуметтік желіге жарияланбаған фотолар шығып кетті, — деді Самал Ибраева Азаттық радиосына берген жауабында. 

Ол бұған арнайы қызметтің де қатысы болуы мүмкін дегенді жоққа шығармады.

Ulysmedia.kz сайты 2022 жылы бірнеше рет DDos шабуылына ұшыраған еді. Мұндай шабуылға тап болғандар қатарында Orda.kz, Азаттық радиосы, ҚазТАГ басылымдары бар.

Вадим Борейко

Вадим Борейко
Вадим Борейко. Фото: Facebook.com

Күні кеше әлдебіреулер тәуелсіз журналист Вадим Борейконың пәтер есігін желімдеп, подъезд сыртына бейәдеп сурет салып кеткен.

Журналист қаскөйлер есікті ашылмайтындай етіп бекітіп, өрт қоюды көздеген болуы мүмкін деп күдіктенеді. Вадим Борейконың айтуынша, оқиға түнгі 3 шамасында болған. Көршілері мұны үш адам істегенін байқаған. 

Журналист бұл қастандықты кәсіби қызметімен байланыстырады. Ол бұл жағдайды да және әріптестері Динара Егеубаеваны, Гүлжан Ерғалиеваны, Гүлнар Бажкенованы, Самал Ибраеваны қорқытып-үркіткен кейінгі әрекеттердің бәрін бір топ жасауы мүмкін деп болжайды. Бұл жорамалын полицейлерге де жазып берген.

Жыл басталғанына енді ғана 20 күн болғанына қарамастан, елімізде осы үш журналист қысым көріп үлгерді. Былтыр да қызметіне байланысты қысымға ұшыраған журналистер аз болмады. 2022 жылы болған негізгі оқиғаларды тізіп шығайық.

Тізім Қазақстандағы сөз бостандығын бақылайтын “Әділ сөз” қоры деректері негізінде жасалды.

Лұқпан Ахмедияров 

Лұқпан Ахмедияров
Лұқпан Ахмедияров. Фото: Facebook.com

«Әділ сөз» қоры дерегінше, 2022 жылғы 3-12 қаңтар аралығында елде кемі төрт журналист қызметі үшін 10-15 күнге қамауға алынған. Соның бірі — Оралда тұратын журналист Лұқпан Ахмедияров.

Журналист қаңтарда Оралдың орталық алаңында өткен наразылық шарасына барған. Ол митингіге журналист ретінде барып, сол жерде тек тәртіп пен тазалықты сақтауға шақырғанын айтады. 

Осы митингіден соң 5 қаңтарда Лұқпан Ахмедияров қалалық ішкі істер бөліміне жеткізілген. Кейінірек ол заңсыз митингіге қатысты деген айыппен ұсталып, 10 тәулікке әкімшілік қамауға алынғаны белгілі болды. Журналист 17 қаңтар күні босап шықты. 

Дарын Нұрсапар

Дарын Нұрсапар
Дарын Нұрсапар. Фото: Facebook.com

Дарын Нұрсапар — Өскемендегі әкімдікке қарасты Altaynews.kz сайтының редакторы. Ол да 2022 жылғы 11 қаңтарда “заңсыз митингіге қатысты” деген айыппен 15 күнге қамауға алынған еді. Дарын Нұрсапар редакторлық ететін Altaynews.kz сайты Шығыс Қазақстан облысының «Шығыс ақпарат» холдингіне қарайды. Холдинг басшылығы журналистеріне қаңтардағы митингілерге баруға тыйым салған. Алайда Дарын қаладағы төтенше жағдайлардан хабар таратуды кәсіби борышы деп санап, 5 қаңтарда Өскемендегі митингіге барады. Видео түсіріп, оны Facebook-парақшасына жариялаған.

Дарын Нұрсапардың әріптестері 7 қаңтарда оның үйіне құқық қорғау органдары қызметкерлері келіп, алып кеткенін мәлімдеді. 9 қаңтарда сот шешімі шықты. 

17 қаңтарда Шығыс Қазақстан облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі алқасы прокуратураның апелляциялық өтініші бойынша Өскеменнің әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотының қаулысын өзгертті. Сөйтіп Дарын Нұрсапарды қамау мерзімі 15 тәуліктен 7 тәулікке дейін қысқарды.  

Нұржан Баймолдин

Нұржан Баймолдин
Нұржан Баймолдин. Фото: Facebook.com

Былтыр 12 қаңтарда «Көкшетау-Азия» орысша жаңалықтар қызметінің шеф-редакторы Нұржан Баймолдин қамалды. Полиция оның ел президентіне әлеуметтік желі арқылы қойған сұрақтарын «төтенше жағдай кезінде құқық тәртібін бұзуға итермелейтін әрекеттер» деп санады.

Журналистің әкімшілік жауапкершілікке тартылуына оның Facebook-парақшасындағы жазбасы себеп болған. Нұржан  Баймолдин “Тоқаев Путинге есеп берді” деген жазбасында «президент жаңа үкімет құрамын жариялайтыны туралы не үшін ҰҚШҰ жиынында айтты» деп сұраған.

Сол кезде адвокат Айгүл Қалқаманова Нұржан Баймолдинді Көкшетау полиция басқармасына алдап апарғанын айтты. Оның сөзінше, журналиске 3 сағаттан артық уақыт бойы адвокат жіберілмеген, қажет медициналық көмек те берілмеген. 8 сағат бойы тамақ та, су да бермей, демалдырмай жауап алған. Жауап алғандар әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді тергеуге қатысы жоқ қызметкерлер болып шыққан. 

Бұл ретте Нұржан Баймолдиннің азаматтық құқықтары өрескел бұзылды. Ол полиция бөлімшесіне полиция бастығының орынбасарымен әңгімелеседі деген сылтауымен шақырылды. Заң бойынша, полиция қоңырау шалған кезде оны не үшін шақырып жатқанын, шақырылатын адамның мекенжайы мен кабинеті және келу уақыты көрсетілген шақыру қағазы берілуі керек. Адам жауап алуға шақырылса, онда ол адвокатпен келуге құқылы, — деді адвокат Айгүл Қалқаманова.

Ақыры, «Нұржан Баймолдин ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің (ӘҚБтК) 478-бабы 1-бөлігі бойынша, төтенше жағдай кезінде құқық тәртібін бұзуға итермелейтін әрекеттер үшін жауапкершілікке тартылды». Көкшетау соты журналисті 10 тәулікке әкімшілік қамауға ау туралы шешім шығарды.

Дегенмен 17 қаңтарда Көкшетау сотының апелляциялық алқасы прокурордың ұсынысын мақұлдап, қамауға алу мерзімін 5 тәулікке дейін қысқартты. 

Махамбет Әбжан 

Махамбет Әбжан
Махамбет Әбжан. Фото: Facebook.com

Махамбет Әбжан — Abzhannews Telegram-каналының авторы. Ол былтыр 4 қаңтарда ресейлік «Дождь» телеарнасына сұхбат беріп, Қазақстанда өтіп жатқан митингілер туралы айтқан еді. Осыдан кейін журналистің үйіне полиция барған. Махамбет Әбжанның көршілері «журналистің үйі шулап жатыр» деп полиция шақыртқан екен. Дегенмен Махамбет Әбжан  полицейлердің келгенін Қазақстандағы наразылық акцияларын белсенді түрде жариялап жүргендіктен дейді. Оған «көпе-көрінеу жалған ақпарат таратты», «жеке өмірге қол сұқпау және дербес деректі қорғау заңын бұзды» деген айып тағылып, қылмыстық іс қозғалды.

6 қаңтарда Махамбет Әбжан із-түзсіз жоғалып кетіп, 2 аптадан кейін Telegram-каналында аман екенін хабарлады.

24 наурызда астанадағы Байқоңыр аудандық полиция басқармасы тергеу бөлімінің аға тергеушісі қаулы шығарды. Ол бойынша, журналист Махамбет Әбжанға қатысты қылмыстық іс тоқтады.

Тергеуші тағайындаған сараптама бойынша, Махамбет Әбжанның сұхбатынан наразылық акциясына қатысуға шақыру да, полицияны қорлайтын сөз де жоқ.

3 шілде күні таңертең Астанада Махамбет Әбжанның тағы да ұсталғаны хабарланды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет «журналист бір әсіпкерден 50 миллион теңге бопсалады» деген күдікке ілінгенін хабарлады. 

Осы оқиғадан 2 күн бұрын Махамбет  Әбжан Telegram-каналынан өзіне қатысты сотқа дейінгі тергеу бастағалы жатқаны мен өзін қаралайтын жалған ақпарат таратыла бастағаны туралы жазған еді. 

Журналистің үстінен Қылмыстық кодекстің 194-бабы, 4-бөлігі — мүлкін тәркілеп, 7 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айыруды көздейтін «аса ірі мөлшердегі бопсалау» бойынша іс қозғалды. 

5 шілдеде Астананың мамандандырылған ауданаралық тергеу соты Махамбет Әбжанға бұлтартпау шарасын тағайындау мәселесін қарап, журналисті 2 айға қамауға алу туралы қаулы шығарды. Мұндай шешім қабылдау үшін сотқа 6 сағаттан астам уақыт (отырыстың 4 шілдеден 5 шілдеге ауыстырылуын ескерсек, бір күннен артық уақыт) керек болды.

Журналистің адвокаты Бауыржан Азановтың айтуынша, осы уақыт ішінде айыптаушы тарап қамауға алу қажет екенін  дәлелдей алмады. Ал Махамбет  Әбжан, керісінше, өзін өте белсенді қорғап, прокурор мен құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне көптеген сауатты сұрақ қойған.

Журналиске отырысқа онлайн-режимде қатысуға тура келді. Адвокат оны сот залына әкелу туралы өтініш білдірді, бірақ сот себебін түсіндірместен, бұл өтінішті қабылдамай қойды. 

Былтыр 15 шілдеде Астана сотында журналист Махамбет Әбжан заңсыз қамауға алынды деген адвокат Бауыржан Азановтың шағымы қаралды. Судья Оңғарсынова адвокаттың шағымын қабылдамады.

Махамбет Әбжан әлі қамауда отыр. Журналистің адвокаты Бауыржан Азанов Baribar.kz журналисіне қазір сот жүріп жатқанын айтты.

Амангелді Батырбеков

Амангелді Батырбеков
Амангелді Батырбеков. Фото: Facebook.com

2022 жылы 4 қаңтарға қараған түні әлдекімдер журналист, «Сарыағаш инфо» газетінің редакторы Амангелді Батырбековті өлтіруге оқталды. Белгісіз біреулер журналист үйінің жанынан оқ жаудырып, Амангелді Батырбековтің ұлы Дінмұхамедті жаралаған.

21 қаңтарда айыптылар кім екені анықталды. Ол журналистің өмірін 5 миллион теңгеге бағалаған шенеунік болып шықты. 

Журналисті өлтіруге Сарыағаш ауданы тұрғындарының бірі, атап айтқанда, шенеунік тапсырыс бергені анықталды. Ол оның өмірін 5 000 000 теңгеге бағалап, өзінің бұрынғы қол астындағы бағынышты адамына айтқан. Ол адам тапсырысты орындайтын екі орындаушыны тапқан. Соңғылары тапсырысты орындап, қылмыстың ізін жасыру үшін Сарыағаш ауданынан Шардара, Арыс арқылы Шымкентке дейін жеткен. Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды, — деді сол кезде Түркістан облысы ПД бастығы Қайрат Дәлбеков.

Қылмысқа қатысы бар 5 күдікті ұсталды. Олардан ВАЗ маркалы екі автокөлік пен 16 калибрлі патрондар тәркіленді. Көлік тапсырыс берушіден алынған ақшаға сатып алынған.

Сөйтіп жыл соңында, 24 қарашада Түркістан облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты төрағасы Қасым Қалмағамбетов журналист Амангелді Батырбековті өлтіруге оқталу ісі бойынша мынадай үкім шығарды:

Қылмысты ұйымдастырушылар мен орындаушылар — Сарыағаш аудандық білім бөлімінің бұрынғы басшысы Бауыржан Майрихов 11 жыл 3 айға, оның бұрын қарамағында істеген Сабырқожа Молдақожаев 11 жылға, Абдухамид Қуандықов 13 жылға, Мейіржан Досболов 12 жылға, Нұрғали Қыдыралиев 12 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды. Олардың бәрі жазасын қатаң тәртіптегі мекемеде өтеуге тиіс.

Амангелді Батырбеков шабуыл кәсіби қызметі үшін жасалды дейді. Ол бұған дейін «Сарыағаш инфо» газетінде жергілікті шенеуніктердің әрекетін әшкерелейтін материалдар жариялап келген. 

Михаил Козачков

Михаил Козачков, журналист
Михаил Козачков. Фото: Тime.kz

Михаил Козачков — Kozachkov offside Telegram-каналының иесі, журналист. Ол 2022 жылғы 30 маусымда Telegram-каналына және Facebook-тегі парақшасына бір сән-салтанатты үйлену тойының видеосын жариялады. Бұл үйлену тойына журналистің есептеуі бойынша, шамамен 50 миллион теңге жұмсалған. Болжам бойынша, бұл — Алматы әкімшілік полициясының бастығы Нұрлан Аманбектің ұлының тойы.

Жазба жарияланғаннан кейін полиция қызметтік тексеруді бастады. Ал журналиске белгісіз біреулер ескерту жасап, көлігіне қорлайтын сөздерді сызып жазып кеткен.

Михаил Козачков полицияға арыз жазды. Журналист кінәлілерді тауып, Қазақстан Республикасының қылмыстық кодексінің 158-бабы «Журналистің заңды кәсіби қызметіне кедергі жасау» бойынша жазалауды талап етеді. Тәуелсіздік жылдарынан бері бұл бап сотта бір рет, 2005 жылы ғана қолданылған.

18 желтоқсанда Михаил Козачковтың қайта ұсталғаны туралы хабарланды. Бұл жолы ол 2 айға қамауға алынды. Қаржы мониторинг агенттігі таратқан ресми мәлімдеме бойынша, Михаил Козачков «Болат Назарбаевтың көмекшісі Елдос Қоспаевтың қылмыс тобына рейдерлік жасауға көмектескен» деген күдікке ілінген. 

Елдос Қоспаев журналист Михаил Козачковтың қызметін рейдерлік басып алу құрбандарына ақпараттық шабуыл жасау үшін пайдаланды. Журналист «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» заң талаптарын өрескел бұзды. Өйткені кейбір жағдайда ол көрінеу жалған ақпаратты және банктік, отбасылық және басқа да заң арқылы қорғалатын құпияға қатысты деректерді таратты, — деп хабарлады Қаржы мониторинг агенттігі. 

Агенттік өкілдері журналистің пәтерін тінтіген. Михаил Козачковтың әйелінің адвокаты Анна Ветельникова тінтуге өзін қатыстырмағанын айтты. 

19 желтоқсанда «Әділ сөз» қоры «Михаил Козачковтың құқықтары өрескел бұзылды, дереу босатылсын» деп Қасым-Жомарт Тоқаевқа хат жазды.

Михаил Козачков қазір абақтыда отыр. 

Олеся Вертинская

Фото: Ақ Жайық

Олеся Вертинская — «Дорожный контроль» ақпарат порталының тілшісі. Оны 2022 жылғы 19 шілдеде өз үйінің жанында ұрып кетті. Ол үйден шыққан кезде белгісіз жігіт келіп көмек сұрайды. Артынша бетінен қатты ұрып жіберген. Соққыдан құлап түскен Олесяны әлгі жігіт тебе бастайды. Кездейсоқ адам әйелге көмекке келеді, сосын Олесяның ұлы жедел жәрдем шақырған. Компьютерлік томография журналистің мұрны сынғанын анықтады.

Кейінірек Олеся Вертинская осы жағдай бойынша полицияға шағымданды. Атыраудың №2 сотында шабуыл туралы қылмыстық іс қарала бастады. Құқық қорғау органдары Меллятов деген Атырау қаласының тұрғынын ұстады. Оған қылмыстық кодекстің 293-бабы, 1-бөлігі «бұзақылық» бойынша айып тағылды.

Ал 13 шілдеде №1 қалалық полиция бөлімінің қызметкерлері Олеся Вертинскаяға сотқа дейінгі қарсы тергеу бастады. Тергеу «Құқық қорғау немесе арнаулы мемлекеттік орган, әскери полиция органы қызметкерінің, сот приставының заңды өкіміне немесе талабына бағынбау» бабы бойынша жүрді. 

Прокуратураға шағым жаздым, содан кейін прокуратура бұл істі тоқтатты. Қазір қызметтік тергеу жүріп жатыр. Менің ойымша, мұның бәрі қаңтар айында менің азап тартқаныма және Атырауда қызмет ететін сарбаз Медет Амангелдінің  жағдайын жария еткеніме қатысты болды, — деді Олеся.

Ал 16 шілдеде Олеся белгісіз нөмірден хабарлама алады. Оған бір ЖШС-дан және оның иесінен «абай бол» деген кеңес беріледі. Сол күні Олеся прокуратураға біреулердің қорқыта бастағанын арыз етіп жазып, «өміріме қауіп төне ме» деп қорқатынын айтқан.

3 тамызда Өскеменде белгісіз бес адам журналистің әріптесі Антон Князевті де соққыға жықты.

Ардақ Ерубаева

Фото: Instagram.com

Ардақ Ерубаева — Nur.kz және Orda.kz порталдарының тілшісі. Ол 2022 жылғы 31 тамызда Ақтөбеде премьер-министр Әлихан Смайыловтың үкіметтік кортежін камераға түсіріп алуға тырысқан кезде ұсталды. 

Полиция мәлімдемесі бойынша, журналист ішкі істер қызметкерлерінің заңды талабын орындаудан бас тартқан.

Премьер-министр — күзетілетін адам. Қызметкерлер нұсқау бойынша әрекет етіп, кортежге қарай жүгірген Ерубаеваны ұстады, — деді полиция.

Былтыр 2 қыркүйекте Ақтөбеде Ардақ Ерубаеваның соты өтті. Журналиске «құқық қорғау немесе арнаулы мемлекеттік орган қызметкерінің заңды өкіміне, талабына бағынбады» деген айып тағылды.

Полиция мәліметінше, БАҚ-тың ешқандай белгісі жоқ журналист топ арасынан күзетілетін кортежге қарай атып шыққан. Ардақ тұрғындардың қатарында тұрғанын, алға шықпағанын және кортежді түсіру үшін телефонын қолына ала бергенде ұсталғанын айтты.

Бастапқыда онлайн-сот отырысы таңғы сағат 9.30 деп белгіленеді. Процеске қатысу үшін Ардақ полицияға шақырылып, әуелі жертөлеге орналастырылады. Ол жерде байланыс нашар болғандықтан, далаға жіберіледі. Дала шулы болып, журналист судьяның сөзін ести алмайды. Сөйтіп Ардақ отырысты офлайн режимде өткізу туралы өтініш жасайды. Дегенмен судья Есдәуір Мұратқан өтінішке «бұл — арандатушылық» деп жауап береді.  Ол журналисті «тәрбиесі нашар» деп сөге бастайды.

Сотқа өзім қатысам деген талап қойдым. Сол кезде судья мәдениетті адамдар оффлайн сотты талап етпейтінін, не себепті  арандататынымды және мінез-құлқымды айтып мораль оқыды, — деді журналист. 

2022 жылғы 5 қыркүйекте Ақтөбенің әкімшілік істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты судьясы Есдәуір Мұратқан Nur.kz тілшісі Ардақ Ерубаеваға қатысты шешімді жариялады. Журналист полиция қызметкеріне бағынбағаны үшін кінәлі деп танылып (ӘҚБтК-нің 667-бабы, 1-бөлігі), оған ескерту жасалды.  

Ал 22 қыркүйекте Ақтөбе облыстық аппеляциялық инстанция судьясы Ботагөз Алмасбаева журналисті ақтап, істе әкімшілік құқықбұзушылық болмағанын мәлімдеді. 

***

«Шекарасыз тілшілер» халықаралық ұйымының «Баспасөз еркіндігі» индексінде Қазақстан 180 елдің ішінде 122-орында тұр. Ел 2021 жылғы тізіммен салыстырғанда 33 сатыға көтерілгенімен, мына материалдан соң журналистердің жұмысына кедергі келтіретін жағдайлар сейілді деуге келмейді. 

Айта кетейік, елімізде журналистерге қоқан-лоққы жасау көбейіп кеткендіктен, 2023 жылғы 20 қаңтарда президент Қасым-Жомарт Тоқаев журналистерге қарсы жасалған қылмыстарды мұқият тексеруді тапсырды.

Осы күні АҚШ елшісі Дэниел Розенблюм Қазақстанда журналистерге жасалып жатқан шабуылға алаңдайтынын айтты.