Мазмұнға өту
Басты бет / Push /

Геннадий Головкин әлемдік бокс аңыздарының қатарына қосылды

Фото: ҰОК
Қазақстандық боксшы Геннадий Головкин Халықаралық бокстың Даңқ Залына қабылданды. Осылайша ол бұл мәртебеге ие болған Қазақстан тарихындағы алғашқы спортшы болды. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Салтанатты рәсім АҚШ-та өтіп, Головкиннің есімі әлемдік бокстың ең ұлы тұлғаларының қатарына қосылды. Енді ол Мұхаммед Әли, Майк Тайсон, Флойд Мейвезер және Мэнни Пакьяо секілді аңыздардың қатарында тұр.

Ұлттық олимпиада комитетінің мәліметінше, Головкиннің Даңқ Залына енуі оның әуесқой және кәсіпқой рингтегі ерекше жетістіктеріне байланысты. Әуесқой бокста ол 350 жекпе-жектің 345-інде жеңіске жетіп, Қазақстан құрамасының көшбасшыларының бірі болды.

Орта салмақтағы үстем чемпион

Кәсіпқой мансабында Геннадий Головкин 45 кездесу өткізіп, оның 42-сінде жеңіске жетті. Соның 37-сін нокаутпен аяқтады. Ол WBA, WBC, IBF және IBO тұжырымдары бойынша әлем чемпионы атанып, The Ring журналының чемпиондық белбеуін иеленді.

Боксшы ұзақ уақыт бойы әлемнің салмақ дәрежесіне қарамастан үздік боксшыларының рейтиңінде көш бастап, орта салмақ тарихындағы бірнеше рекордтың авторы болды. Оның қатарынан 23 нокауттық жеңісі дивизион тарихындағы ең ұзақ сериялардың бірі саналады.

Сонымен қатар Головкин әлем чемпионы атағын 21 рет сәтті қорғап, мерзімінен бұрын аяқталған жеңістер көрсеткіші бойынша Гиннестің рекордтар кітабына енген.

Спорттық басқарудағы жаңа белес

Қазір Геннадий Головкин Қазақстанның халықаралық спорттағы беделін басқарушылық деңгейде де нығайтып келеді. Ол Қазақстан ұлттық олимпиадалық комитеті президенті және World Boxing ұйымының президенті қызметтерін атқарады.

Осылайша ол халықаралық спорт федерациясын басқарған Қазақстанның алғашқы өкілі ретінде де тарихқа енді.

Мақалаға реакция