Энергетика министрі өңірлердегі көмір қорының аздығын түсіндірді

Бірқатар өңірде көмір қоры нормативтен төмен. Мәселе қалай шешіліп жатыр?, — деп сұрады премьер-министр үкімет отырысында.

Бүгінде энергия көздері қоймаларында көмір қоры шамамен 3 миллион тонна. Бұл жалпы бекітілген нормаларға сәйкес келеді. Алайда кейбір станцияларда бұл норматив қамтамасыз етілмеген. Бұл Қарағанды ЖЭО, Теміртау МАЭС — норма 20 кезінде 15 тәулікке; Павлодар ЖЭО-да — норма 10 кезінде 7 тәулікке; Петропавл ЖЭО-да — норма 20 кезінде 17 тәулікке. Күніне екі рет энергетикалық қадағалау комитеті аталған электр станциялары мен ҚТЖ өкілдері қатысқан селекторлық кеңес өткізеді. Өткен кезеңде Петропавл ЖЭО-да көмірмен қамтамасыз ету толықты, — деп жауап берді Ақшолақов.

Болат Ақшолақов журналистерге Петропавл ЖЭО-дағы логистика мәселесіне байланысты көмір беру алты күнге дейін қысқарғанын түсіндірді.

Әр станцияда көмірдің де, мазуттың да өзіндік стандартты қоры бар. Өкінішке қарай, логистика, тасымалдауда белгілі бір мәселелердің болуына байланысты кешігулер болды, қор азайды, — деді министр.