Заңгердің сөзінше, дәрет сындырудың да тура тамақ мен су ішіп, ұйықтау сияқты физиологиялық маңызы бар. Азаматтардың әжетхананы қолдану құқығын шектеу — оның таза, қауіпсіз әрі лайық жағдайда физиологиялық қажетін өтеу құқығын сыйламаумен тең.
«Ал бұл қажетті өтеу үшін қауіпсіз әжетхана болуы керек — біз қауіпсіз тұрғын үйді қалай керек етсек, әжетхана да сол деңгейде де қажет етеміз. Сонымен қатар әжетхана денсаулығымызға зиян келтірмеуі керек. Ол гигиена мен санитария талаптарына сай болуға тиіс, мұндай орында сабын мен әжетхана қағазы тұруы, әжетхана іші салқын болмауы маңызды. Мысалы, адам аязды күні далада дәрет сындырса, несеп-жыныс жүйесі ауруына шалдығуы мүмкін. Бұған қоса, әжетхананың далада болуы адам өміріне қауіп төндіреді. Зорлық-зомбылық фактілері де тіркелуі мүмкін», — дейді ол.
Халида Әжіғұлова халқы таза, ішінде керек-жарағы бар әжетхананы қолдана алмай отырса, бұл дамушы мемлекетке сын дейді. Ол Қазақстан мектептеріндегі әжетхананың басты проблемаларын атап берді.
«Дәрет сындыру — өте интим қажеттілік болғандықтан, ХХІ ғасырда дамыған мемлекет азаматы жағдайы жасалған, адамның адами қасиеттеріне құрметті аяқ асты етпейтін жерде дәрет сындыру құқығына ие болуы керек. Өкінішке қарай, дамушы мемлекеттің көбі әлі күнге әжетхана мәселесін шеше алмай келеді. Оның ішінде Қазақстан да бар. Қазір еліміздің барлық дерлік мектебінде кездесетін кемі төрт проблеманы атауымызға болады».
1. Әжетханалардың жалпы жағдайы
Балаларға арналған әжетханалар қауіпсіздік, санитария мен адами қасиеттерге құрмет талаптарына сай келмейді: унитаздар ескі немесе сынып қалған, көп жағдайда суды ағызатын батырмасы істемейді. Сасық, жағымсыз иіс бар, ал жекелеген кабиналар мен есіктері жоқ. Болған күннің өзінде есіктері жабылмайды. Соның кесірінен бала өзгенің көзінше дәрет сындыруына тура келеді, ал бұл келемеж-мазаққа, буллингке себеп болады.
2. Дұрыс жабдықталмаған
Әжетханалардың көбінде қарапайым әжетхана қағазын таба алмайсың. Ал бұл — өте үлкен мәселе. Демек, бала әжетхана қағазын үйінен әкелуге мәжбүр. Мектепте әжетханаға барғысы келе қалса, қағазды өзге кластастарының көзінше шығаруы керек. Бұл — тағы да буллинг пен мазақтың себебі.
3. Баршаға ортақ етіп салынғанымен, жекелеген топтар үшін тым қолайсыз
Қазақстан мектептеріндегі әжетханалар инклюзив емес және балалардың қажеті мен ерекшелігін ескермейді. Мысалы, баланың жынысы, мүгедектігі не өзге қажеті бар-жоғы ескерілмейді.
Байқағаным, бізде қыздар әжетханасына ешқашан ілгіш қойылмайды. Ал шын мәнінде мұның болуы өте маңызды еді. Себебі етеккір кезінде қыздар әжетханаға сөмкесін көтеріп барады. Ол сөмкені ілетін жер болмай, лас жерге қоюына тура келеді.
Бұған қоса, қыздар етеккірі келе бастағанын да алғаш осы лас, жағдай жасалмаған әжетханада білуі мүмкін, бірақ біздің мектептерімізде мұндай жағдайлар қарастырылмайды, ықтималдылығы жайлы да ескертілмейді. Мектеп әкімшілігі мен шенеуніктердің немқұрайлығы мен ертеңін ойламауының кесірінен бала тым ыңғайсыз жағдайға тап болып, күйзеліске түсуі мүмкін. Шетелдерде мұндай жағдайда қыздар әжетханадан шықпастан төсеніш сатып ала алуы үшін арнайы автоматтар қойылған. Біздің мектептерге де осындай автоматтар керек-ақ.
«Зерттеуімізше, бірде-бір мектепте мүгедектігі бар балаға арналған жеке әжетхана немесе арнайы кабина жоқ. Мектептеріміз әуеліден-ақ балдақпен жүретін немесе арбада отырған балалардың көбірек кеңістікті қажет ететінін ескермеген».
Бала құқықтары жөніндегі Алматыдағы ресми уәкіл өзі аралаған мектептерде мұғалімдерге арналған әжетханалар барлық талапқа сай екенін байқаған. Ол мұны мектеп ішіндегі алалау деп есептейді.
«Мектептердегі балалар мен педагогтар әжетханасының айтарлықтай айырмашылығы бар. Әділетсіз. Неге екені белгісіз, ересектерге арналған әжетханалар көп жағдайда жабық тұрады. Сонымен қатар мұнда әжетханаға «адам сияқты» кіріп-шығу үшін қажеттінің бәрі бар: сабын, әжетхана қағазы мен жап-жақсы унитаз. Мектеп ішінде мұндай алалаушылық болмауы керек деп есептеймін. Қауіпсіз әрі нашар жабдықталған әжетхана проблемасын шешкіміз келсе, орта және жоғары мектептердегі оқушылар мен мұғалімдер бір әжетханаға баруы керек. Бұл бір жағынан физикалық және жыныстық буллинг пен зорлық-зомбылықтың алдын алу үшін де тиімді болар еді», — дейді Халида Әжіғұлова.
4. Қудалау және төмен әжетхана мәдениеті
Кейбір мұғалім баланың әжетханаға баруға деген қажеттілігін буллинг пен оны мазақ ету мақсатына қолдануы мүмкін. Мектептердегі үзіліс тым қысқа, бірнеше минут ішінде балалар даладағы әжетханаға барып үлгермейді немесе сабақ үстінде бала шұғыл дәрет сындырғысы келуі де мүмкін. Бұл — қалыпты нәрсе. Ал буллер-мұғалім класта тәртіп болуын қадағалаймын деп, балаға әжетханаға баруға рұқсат бермеуі де дұрыс шешім емес.
Сабақ кезінде баланың кластан шығуына тыйым салу — баланың денсаулығы мен адамгершілігін қорғау құқығын бұзу. Мұндай жағдайда мұғалім тыйым салып, не нәрсеге қол жеткізеді? Ертеңгі күні баланың зәр шығару жүйесінде қиындық туғанын қалай ма? Әлде бала шыдай алмай, класс ішінде дәрет жіберіп қойып, кейін оның өмір бойы буллинг пен мазаққа ұшырағаны керек пе? Мұндай адамдар мектепте жұмыс істеуге, педагог деген атқа лайық емес. Мұның бәрі ақыр аяғы бала үшін үлкен жан жарасына, травмаға айналуы мүмкін.
Әжетхана және мәдениет
Халида Әжіғұлованың сөзінше, мектептердегі әжетхана сапасы елдің мәдениетіне де әсер етеді. Сарапшы пойыз, әуежай мен түрлі мекемедегі әжетхананың нашар халде болуының да түпкі себебі осы мектеп әжетханасың лас болуынан көреді.
«Бала кішкентайынан қорқынышты, жағымсыз иіс сіңіп қалған, қағаз бен сабыны жоқ әжетхананы көріп, сонда дәрет сындырса, есейгенде де, қай жерде жұмыс істесе де, мұны қалыпты деп ойлай бермек. Пойыздағы, әуежайдағы, вокзалдағы және университеттер мен мемлекеттік мекемелердің әжетханасы неге сонша жиіркенішті халде деп таң қаламыз. Қазір біздегі туристік обьектілерде де бірде де жөні дұрыс әжетхана жоқ. Сонда туризмді қала дамытпақпыз? Сол себепті мектеп әжетханасы — баланың физиологиялық қажеттілік мәселесі емес, мәдениетіміздің дамуы үшін де маңызды нәрсе, мемлекетті дамытудың нағыз іргетасы», — дейді сарапшы.
Заңда мектеп әжетханалары жайлы не делінген?
БҰҰ мәселеге көпшілік назарын аудартып, талқы ұйымдастырып, шешу үшін 19 қарашаны бүкіләлемдік әжетхана күні деп бекіткен. Халида Әжіғұлованың айтуына қарағанда, әжетхана тақырыбы көп елде әлі күнге ұят әрі ыңғайсыз тақырып есептеледі, сол себепті де бұл проблема шешілмей келеді. Сол себепті бұл тақырыпты жиі талқылап, көпшілік назарын аудару керек.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мен ЮНИСЕФ әжетхана бойынша, оның ішінде мектептердегі әжетханалардың стандартын әзірлеген. Құжаттарда тазалық, қауіпсіздік пен дәрет сындыру үшін қолайлы жағдай стандарттары жайлы жазылған.
Сонымен қатар денсаулық сақтау министрілігінің «Білім беру объектілеріне қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар» санитариялық қағидаларын бекіту туралы бұйрығы бар. Бұл құжат бойынша мектептерде:
- оқушыларға арналған әжетханалар (ұлдар мен қыздар үшін бөлек);
- шұңғылшалар (раковина), қол жуатын және оны кептіретін құрылғы, қоқыс салатын ыдыс;
- білім алушылар мен тәрбиеленушілерге арналған жабық кабиналарда орналастырылған унитаздар болуы керек.
Сонымен бірге әжетханаларды күн сайын дезинфекциялық құралдармен тазалау, еденге, есік тұтқасына, шұңғылша мен унитаздарға күн сайын дезинфекция жұмыстары жүргізілуі керек екені жазылған.
Ал Халида Әжіғұлова бұл құжатта әжетхана қағазы мен сабын жайлы ештеңе айтылмағанын сынап отыр.
Ата-ана не істей алады?
Ата-ана мектептердегі әжетхана проблемасын шешуге қамқоршылық кеңес арқылы араласа алады. Сарапшының сөзінше, бұл қамқоршылық кеңес құзіреті жайлы арнайы құжат бекітілген.
«Білім беру ұйымдарында қамқоршылық кеңестің жұмысын ұйымдастыру және оны сайлау тәртібінің үлгілік қағидаларына сәйкес, қамқоршылық кеңес «білім беру ұйымының бюджетін қалыптастыру барысында ұсыныстарды әзірлеу» құзыретіне ие. Құжатқа сай, кеңес құрамына ата-аналар комитеті ұсынған әрбір параллель кластан, курстан сол білім беру ұйымында білім алушылардың бір ата-анасы немесе заңды өкілі қосыла алады».
Мұндай қамқоршылық ұйымдары білім беру ұйымдарының білім алушылары мен тәрбиеленушілердің құқықтарының сақталуына, сонымен қатар білім беру мекемелерінің шотына түсетін қайырымдылық көмектің жұмсалуына қоғамдық бақылауды жүзеге асыруға құқылы. Сонымен қатар білім беру ұйымдарына қайырымдылық көмек түрінде түскен қаржыны бөлуге қатысады және оның мақсатты жұмсалуы туралы шешім қабылдайды.
«Ата-аналар қамқоршылық кеңесіне қатысу арқылы мектеп бюджетіне әжетхана қағазы мен сабын сатып алу үшін жеткілікті қаражат бөлінуін талап етуге құқылы. Қазір елдегі мемлекеттік мектептерде жан басына нормативтік қаржыландыру әдістемесі бекітілген. Оған сәйкес, әр мектеп оқушы санына қарай мемлекеттен қаржы алады. Оқушыларға арналған әжетхана қағазын сатып алу шығыны да осы нормативке кіреді, бірақ бөлінетін ақшаның сонда да әжетхана қағазына неге жетпей қалатыны түсініксіз. Өкінішке қарай, нормативте қиын жағдайда қалған, аз қамтылған отбасыдан шыққан қыз балалардың гигиеналық керек-жарағының аз бөлігін өтеу қарастырылмаған. Жасөспірім қыздар осы себепті етеккірі келген күні сабақтан да қалып жатады. Ал бұл — мемлекет бюджетті бөлген кезде дискриминацияға жол беретінін және мүгедектігі бар немесе аз қамтылған отбасынындағы балалардың құқығын ескермейтінінің тағы бір дәлелі. Өйткені елімізде бюджетті бөлгенде орташа статистикалық бір адам үшін тек сау еркек, ал орташа статистикалық бала үшін тек сау ұл бала шығыны негізге алынады».
Халида Әжіғұлованың сөзінше, проблеманы шешу үшін ата-аналардың жекелеген тобы ғана емес, қоғам да белсенді болуы керек. Ол сол себепті мектептердегі лас әрі қауіпті әжетхананы көрген азаматтарды үнсіз қалмауға үндеді.
«Бұдан бөлек мектептердегі лас, сасық көше әжетханаларының санын азайту үшін әлеуметтік белсенділік керек. Үнсіз қалуға болмайды. Мұны желіде жариялап, талқылап, оқу-ағарту министрлігімен шешуіміз керек».