Жамбыл облысындағы жарылыс кезінде жоғалған әскеридің денесі табылды

Бұл туралы қорғаныс министрлігі хабарлады.

Ведомство мәліметінше, іздеу жұмыстары Байзақ ауданындағы оқ-дәрі қоймаларындағы өрт пен жарылыстардан кейін былтыр 26 тамыздан бастап жүргізілді.

Сүйек қалдықтарын бөлімнің әскери қызметшілері іздеу жұмыстары барысында тапты. Молекулярлық-генетикалық сараптама оның Бауыржан Дәуітбаевқа тиесілі екенін көрсетті. Жоғалған әскери қызметкердің сүйегінің қалдықтары мен қандас туыстарының ДНК талдаулары толығымен сәйкес келді. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес марқұмның отбасына жерлеу шығындары, атқаратын лауазымы бойынша бес жылдық ақшалай қаражат мөлшерінде біржолғы өтемақы төленетін болады. Қарулы Күштердің жеке құрамы орны толмас шығынға байланысты марқұмның жақындарына қайғырып көңіл айтады, — делінген министрлік хабарламасында.

Министрлік мәліметінше, әскеридің отбасына тұрғын үй сатып алу үшін төлем қарастырылған. Оның мөлшері әскери қызметші қызмет еткен аймаққа және отбасы мүшелерінің санына байланысты. Сонымен қатар марқұмның балаларын оқытуға және жұмысқа орналастыруға және басқа да мәселелерді шешуге көмек көрсетіледі.