Елімізге шетелден 100 үздік маман тартылады

Бұл туралы бүгін үкімет отырысында еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова айтты.

Оның айтуынша, «Ашық Қазақстан 500+» атты көші-қон саясатының жаңа тұжырымдамасының үшінші бағыты аясында елімізде тапшы болғандықтан, сырттан жиі тартылатын мамандықтар бойынша шетелден 100 үздік маманды тарту көзделіп отыр.

Мұндағы негізгі мақсат – білім трансферті және осы кәсіптер бойынша өз мамандарымызды даярлау. Олардың Қазақстанда тұруына ықтиярхат беру мүмкіндігі қарастырылған «Бағалы дағдылар визасы» енгізіледі. Сонымен бірге «Құнды дағдылар рейтингі» жасалады. Бұл рейтингтегі тапшы кәсіптер мен мамандықтар тізімі үнемі жаңартылып отырады, — деді Тамара Дүйсенова.

Министрдің айтуынша, көрші елдерден келетін, соның ішінде тіркеусіз, бейресми арналар арқылы келіп жатқан еңбек мигранттарының қозғалысын есепке алуды күшейту көзделіп отыр.

Еңбек мигранттарын тарту жеке тұлғалардың нақты сұранысына сай айқындалады. Сонымен қатар мигранттардың жұмыс орнына қатаң бақылау орнатылатын болады, — деді Тамара Дүйсенова.