Көпреттік жөргек және эко чипстер. Түркістан облысында 63 жобаға грант берілді

Аталған жоба аясында Түркістан облысында 63 жоба іріктеліп, әрбір қатысушыға өз бастамаларын іске асыру үшін 1 000 000 теңгеге дейін грант бөлінген.

Салтанатты шара барысында облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Бахыт Сәрсенбайұлы аталған жобаның жас таланттар үшін үлкен қолдау болғанын атап өтті.

«Халқымызда «Білекті бірді жығар, білімді мыңды жығар» деген қанатты сөз бар. Бүгін, міне, Zhas Project гранттық жобасының қорытынды кешінде білікті, талапты жастар үздік жобаларын ұсынып, өздерін кәсіпкер ретінде дамытуға мүмкіндік алып отыр. Барлығының жобасымен танысып шықтық. Оның ішінде нәрестелерге арналған массаж бен жөргек, сонымен бірге спорт саласы, тамақ өнімдері бойынша маңызды жобалар бар. Осылардың ішінде ұлттық спортымызды ұлықтаған садақ ату жобасы әсерлі болды. Жалпы, елімізде 3 миллион, 5 миллион көлемінде беріліп жатқан қайтарымсыз гранттар бар. Олардың басты шарттарының бірі — инновациялық болуы керек. Болашақта түркістандық жастардың қолынан шыққан инновациялық жобалар көбейеді деген сенімдеміз», — деді Бахыт Сәрсенбайұлы.

Қорытынды кеште Балжан Құдайбергеннің IELTS Study Group жобасы, Ілияс Марлиновтың «Блокты бағдарламалау» жобасы, Алуа Тұрсынханның «Көпреттік жөргек» жобасы, Кентауда оқушыларды шахматқа баулыған мұғалім, тренер Асхат Шотаевтардың жобасы үздік болды. Олар көпшілік алдында өздерінің жаңа жобасын таныстырып, практикалық маңызына тоқталды.

Фото: Түркістан облысының өңірлік коммуникациялар қызметі

«Біз жөргектерді көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға тегін таратамыз. Ең бастысы экологиялық таза, бала денсаулығына аллергиялық әсері жоқ. Бірреттік жөргек — 200 теңге. Бір күнде төрт жөргек ауыстырсаңыз — 800 теңге. Айлық шығыны 24 мың теңге болады. Бір үйде үш бала болса, айына 50-70 мың теңге жұмсалады. Біздің жөргектер арқылы әр отбасы 50 мың теңгеге дейін үнемдей алады», — дейді кентаулық «Көпреттік жөргек» жобасының жетекшісі Алуа Тұрсынхан.

Фото: Түркістан облысының өңірлік коммуникациялар қызметі

Айта кетейік, Zhas Project — әлеуметтік жобаларды іске асыруға, өз әлеуетін, өмірлік маңызды дағдылары мен көшбасшылық қасиеттерін дамытуға 18 жастан 28 жасқа дейінгі мүдделі жастарға бағытталған жоба.

«Жоба аясында мүгедектігі бар азаматтарға арналған оңалту орталығы жұмыс істейді, церебральды сал ауруы бар балаларға емдік атпен жүру сабақтары өткізіледі, сабындар, кептірілген жемістерден жасалған экочипстер мен инкубация арқылы жұмыртқалар өндіріліп жатыр. Өңірімізде жобаның жастар арасында үлкен сұранысқа ие болуына байланысты алдағы уақытта гранттық жобалардың санын ұлғайтуды ұсынамыз», — дейді Түркістан облысы бойынша Zhas Project жобасының жетекшісі Дінислам Бимаханбетов.

Еске салайық, жоба барысында шағын гранттарды іске асыру қорытындысы бойынша Түркістан облысында 18 білім беру курсы, 12 спорт секциясы, алты наубайхана және кондитерлік шеберханасы, алты тігін шеберханасы, бес логопедия орталығы, төрт сұлулық салоны, үш массаж кабинеті, үш демалыс орталығы іске қосылған.