Инга Иманбаева президент сайлауына үміткер бола алмайды

Орталық сайлау комиссиясы Инга Иманбаеваның президенттікке үміткер болуға өтініші неге қабылданбағанын мәлімдеді.

«2022 жылғы 29 қыркүйекте орталық сайлау комиссиясына келген Инга Иманбаева 2022 жылғы 20 қарашаға тағайындалған Қазақстан Республикасы Президентінің сайлауына өзін кандидат ретінде ұсыну туралы мәселе қозғады. Қазақстан Республикасының президенттігіне кандидаттар ұсыну үшін «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» конституциялық заңда көзделіп отырған қажет құжаттар ұсынылған жоқ», — делінген ведомствоның баспасөз қызметінің хабарламасында.

Орталық сайлау комиссиясы Қазақстан Республикасының президенттігіне кандидаттар ұсыну «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңның 54 және 55-баптарына сәйкес жүзеге асырылатынын айтты.

Инга Иманбаева әлеуметтік желіде өзінің президенттікке кандидаттарға қойылатын талаптарға сай келмейтінін жазған. Оның мемлекеттік қызметте жұмыс өтілі жоқ.

Инга Иманбаева — азаматтық белсенді, тіркелмеген демократиялық партия жетекшісі Жанболат Мамайдың жұбайы.

Telegram арнамызға жазылыңыз

Күннің маңызды және өзекті жаңалықтарын телеграм каналынан оқыңыз