Атыраулық Нұрсипат Нұрманбетова әлемнің 15 университетінен шақырту алды

Атырау облысы Жылыой ауданының тумасы, болашақ нейрохирург Нұрсипат Нұрманбетова әлемдегі ең үздік университеттердің бірінде оқиды. Ол әлемнің 15 университетінен шақырту алған.

Қазір АҚШ-тың Нью-Йорк штатындағы әлем бойынша ең үздік 10 жоғары оқу орнының қатарына кіретін Пейс университетінің нейрохирургия медицина факультетінде оқиды. Нұрсипатқа кампуста тегін тұруға арналған грант және 150 000$ стипендия тағайындалған, — деп хабарлайды Жылыой ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі.

Нұрсипат Абайқызы 2005 жылы 23 маусымда дүниеге келген. Жылыой ауданы Далабай Жазықбаев атындағы №16 жалпы орта білім беретін мектептің түлегі. Оқушы кезінен көзге түскен Нұрсипат туралы «Ең үздік» журналында мақала жарияланып, «Дарындының дара жолы» кітабында өмірбаяндық деректері жазылған. Сонымен қатар Нұрсипат БҰҰ Model Congress халықаралық конференциясына қатысып, «ХХІ ғасыр үздігінің моделі» атанды.

Нұрсипат Абайқызы
Фото: Жылыой ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі

Бүгінде әлеуметтік желілерде отандық медицина жиі сынға алынады. Әрине, еліміздегі медицина мәселелері әлі де өзекті, білікті мамандар тапшы. Бірақ барлығы дұрысталады деп ойлаймын. Сондықтан болашақ мамандық ретінде осы саланы таңдадым. Мен жақсы білім мен тәжірибе алу үшін шетелде оқуға шешім қабылдадым. Оқуым аяқталғасын туған жеріме ораламын. Болашақта жеке клиника ашып, дұрыс диагноз қоя алатын, сапалы ем жүргізе алатын білікті маман болғым келеді, – дейді Нұрсипат.

Нұрсипат шетелде алған білімі мен тәжірибесін туған жерге келіп жүзеге асыруды жоспарлап отыр.