«Биыл «Астана Моторс» компаниясына 30 жыл. Осы жылдарда компанияда ондаған мың маман жұмыс істеді. Қазір компанияда 5 мың адам екі зауытта – Hyundai Trans Kazakhstan және Hyundai Trans Auto, Қазақстанның барлық өңіріндегі 13 дистрибуция мен 34 дилерлік орталықта, сонымен бірге іргелес қызмет түрлерімен айналысатын компанияларда қызмет атқарады. Осы жылы біз автокомпоненттер өндіретін зауыттар мен Сhery, Haval және Changan қытайлық автокөліктерін өндіретін мультибрендті зауыттың құрылысын бастаймыз, бұл жалпы алғанда тағы 2,5 мың жаңа жұмыс орнын ашады. Біздің қызметкерлеріміз әлеуметтік пакетпен, жайлы еңбек жағдайларымен, лайықты еңбекақымен, оқу және кәсіби тұрғыдан өсу мүмкіндігімен қамтамасыз етілген», – деді «Астана Моторс» бас директоры Бекнұр Несіпбаев.
Айта кетсек, жақында астанада ҚР СІМ инвестиция комитеті мен «KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ ұйымдастырған жаһандық инвестициялар жөніндегі KGIR-2022 қазақстандық дөңгелек үстелі өтті.
Қатысушылардың арасында 500-ден астам жетекші халықаралық компаниялар мен отандық бизнес өкілдері, инвесторлар, беделді сарапшылар және пікір көшбасшылары, сонымен бірге салалық министрліктердің басшылары, квазимемлекеттік компаниялар мен отандық бизнес жетекшілері бар.
Әлемдік экономиканы дамыту, жаһандық әрі өңірлік инвесторлар үшін Қазақстанның инвестициялық тартымдылығы мен мүмкіндіктері, азық-түлік қауіпсіздігі және жаңа экономикалық ақиқат жағдайындағы логистика мәселелері талқыланды.
KGIR-2022 аясында «Астана Моторс» компаниясы Алматы әкімдігімен, халықаралық «Норпласт» және Motrex компанияларымен автокомпоненттер зауытын салу туралы меморандумдарға қол қойды. Жобаға салынатын инвестиция — 15 миллион доллар. Өндірістік жайлардың ауданы – 9 500 шаршы метр. Кәсіпорында 175 жұмыс орны ашылады. Өндірістерді іске қосу 2024 жылдың бірінші тоқсанына жоспарланған.