Қазақ мемлекеттік циркінде демалыс күндері 13 қарашаға дейін Sunny show бағдарламасы қойылады. Қойылым сайын цирк фойесінде Алматының көшпелі мұражайлар көрмесі тегін ұсынылады.

Мақсат Жайықовтың айтуынша, қазір Қазақ мемлекеттік циркінің штатында 213 адам жұмыс істейді. Оның 120-сы цирк артисі, 70-ке жуығы техникалық қызметкер. Қалған жұмысшылар ғимаратқа күтім жасау, жылу, жарық мәселесіне жауап береді.

«Әлемге әйгілі цирк Дю Солейде 5 мыңға жуық адам жұмыс істейді. Қазақ мемлекеттік циркінде екі жүз адамның жұмыс істеуі — қалыпты нәрсе. Цирктегі әр жануарға күтім жасайтын, жаттықтыратын, тамақтандыратын маман бар. Әр жылқының жеке тағалаушысы болады. Жануарды сағат сайын тамақтандыру, жуындыру, нәжісін шығару да үлкен жұмыс», — дейді цирк директоры.

цирк, Мақсат Жайықов
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/ Baribar.kz

Цирк қызметкерлері атқаратын қызметіне қарай 60 мың теңге мен 150 мың теңге аралығында жалақы алады екен. Бұл мемлекеттің қаулысымен арнайы бекітілген еңбекақы төлеу тәртібі бойынша жүзеге асырылады.

«Цирк қызметкерлері күн сайын жұмысқа келеді. Себебі артистер үнемі формада болуы керек. Шығармашылық адамдарға еркіндік керек екенін ескеріп, цирк артистеріне еркін жұмыс уақытын ыңғайладық. Күн сайын 09.00-18.00 арасында жұмыста болуы керек деген ереже жоқ. Артистер график бойынша репетиция жасайды. Күн сайын кемінде 2-3 сағат дайындалады. 120 артисі бір залға бір уақытта сыйғызу, олардың дайындығын қамтамасыз ету мүмкін емес», — дейді директор.

Циркте фальш, фонограмма, екінші дубль деген болмайды. Артистер сахнаға шығып, қолынан келгенше өнер көрсетеді. Дайындықта жақсы істейтін еді, қазір онша көрсете алмай қалды деген ақтау қабылданбайды.

цирк, Мақсат Жайықов
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/ Baribar.kz

«Кинода бірнеше дубль жасап, ең сәттісін таңдауға болады. Ал цирктегі дайындықта қанша рет сәтті трюк жасасаң да, ең маңыздысы – көрермен алдында қойғаның. Сол үшін цирк қызметкерлері күн сайын жұмыс істейді», — дейді Мақсат Жайықов.

Артистерден бөлек, қазір Қазақ мемлекеттік циркінде 18 жылқы, үш үйретілген ешкі, жеті ит, үш аю бар. Циркте өнер көрсететін жануарларды жаттықтырушылар таңдайды. Олар көбіне енді ғана туған жануарды құп көрді.

маймыл, цирк
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/ Baribar.kz

Циркте көбіне үй жануарлары өнер көрсетеді. Ал аю, маймыл, арыстан сияқты жануарларды табу оңай емес. Оларды хайуанаттар бағынан немесе аңшылардан алады. Аңшылар көбіне ата-анасы өлген жануарды циркке табыстап жатады.

«20 жылдан бері аюлармен жұмыс істеп келеміз. Олардың қонжығын да циркке үйретеміз. Жалпы жыртқыш жануарларды циркке көп алмауға тырысамыз», — дейді Мақсат Жайықов.

маймыл, цирк
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/ Baribar.kz

Қазақ мемлекеттік циркі бір жылда 3-4 авторлық бағдарлама көрсетеді. Цирк өнері көбіне көшпелі дәстүрмен дамитындықтан, Қазақ мемлекеттік циркі жыл бойы басқа елдерге барып, авторлық бағдарламасын көрсетіп, шетелдік цирк мамандарының тәжірибесін үйреніп келуге тырысады.

Келісімшарт, меморандум бойынша Алматыға да басқа елдерден түрлі цирк ұжымы келіп, өнер көрсетеді. Осылайша бір жыл ішінде Қазақ мемлекеттік циркі ғимаратында 6-7 түрлі бағдарлама тамашалауға болады.

«Біздің ұжым кейінгі 10 жылда жеке авторлық бағдарлама бойынша труппа болып шетелге шықпаған. Жеке нөмір бойынша ғана басқа елдерде өнер көрсетіп жүрді. Биыл труппа болып дайындалып, толық бағдарламамен шетелге шығуды жоспарлап отырмыз», — дейді Қазақ мемлекеттік циркінің директоры.

Цирктің ең қызатын шағы – жазғы демалыс. Биыл жазда Алматыдағы Қазақ мемлекеттік циркіне меморандум бойынша Никулин циркі келді. Олардың қойылымына Қазақ мемлекеттік циркінің ұжымы да үш нөмір дайындап, бірге өнер көрсеткен.

Шілде-тамыз айларында циркке келетін балалар мен ересектердің саны көп болады. Әр қойылым сайын аншлаг болып, билеттер түгел өтіп кетеді екен.

цирк, балалар
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/ Baribar.kz

Биыл жазғы демалыста Алматы тұрғындары мен қонақтары, Қазақстанның жан-жағынан келген балалар әлемге әйгілі цирк өнерпаздарының өнерін тамашалады. Юрий Никулиннің 100 жылдығына орай ұйымдастырылған цирк әуелі Алматыға келіп, кейін Астанаға жол тартқан. Никулин циркі өнерпаздары мен отандық цирктегі артистер тәжірибе алмасып, жазғы демалыста жаңа дағдылар меңгеріпті.

Биыл Юрий Владимирович Никулиннің 100 жылдығы. Ол – миллиондаған адамның кумиріне айналған ұлы актер, кішкентай көрермендердің жүрегін жаулаған ең танымал күлдіргі клоун. Актердің жары Татьяна Никулина да — цирк актрисасы. Сонау 1880 жылы негізі қаланған  «Цветной бульвардағы» Мәскеу циркіне 1996 жылдың желтоқсанында актердің 75 жылдық мерейтойына орай Никулиннің есімі берілді. Актер өмірден өткен соң циркті баласы Максим Никулин басқарды. Цирк күні бүгінге дейін көрерменнің көңілін көтеріп, көпшіліктің ықыласына бөленіп келеді.

цирк
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/ Baribar.kz

Бұдан бөлек, Алматыға әлемге әйгілі FRANKE & FRANKE дуэті келіп өнер көрсетті. Бұл дуэтте Монте-Карлодағы Халықаралық цирк фестивалінің лауреаттары Виктор мен Антон Франке бар. Олар дүниежүзі елдерін аралап өнер көрсететін Ресейдің тәуелсіз цирк артистері.

Қазақ мемлекеттік циркінің ұжымы жақында Астанаға арнайы бағдарламамен бір ай гастрольдік сапарға барып келіпті. Ал 2022 жылдың наурыз айында Алматыға Астана циркі гастрольдік сапармен келген.

цирк, Алматы, журналистер
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/ Baribar.kz

Қазақ мемлекеттік циркінің ұжымы Астанаға эксцентрика бағытындағы бағдарламамен барыпты. Эксцентрика — циркте белгілі бір қалыптасқан іс-әрекетті оғаш етіп көрсетуге негізделген күлдіргі жанрдың бір түрі. Эксцентрика орындаушыдан мимкалық, панто-мимикалық, пластикалық, акробатикалық шеберлікті, сонымен қатар түрлі сахналық хаттарды, реквизитті пайдалана білу шеберлігін талап етеді.

«Біз дайындаған эксцентрика бағдарламасы көрерменмен, халықпен тығыз байланыста жүзеге асады. Жоспар бойынша залдан бір адамды таңдап, оған атқа мінуді үйретеді. Сценарий бойынша орындаушы артистің қойылым кезінде шалбары жыртылады, цирк сахнасына оның әйелі шығады, сол арқылы көрерменге күлкі сыйлайды. Бағдарламада бұдан бөлек семафор конструкциясы арқылы жасалған «Батылдық дөңгелегі» («Колесо смелости») нөмірі бар», — дейді Мақсат Жайықов.

Қазір Қазақстанда төрт цирк тіркелген екен. Оның үшеуінде ғана штат бар, Қарағандыдағы цирк штатында артист жоқ, бірақ цирк алаңы бар.

цирк, буфет, Алматы
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/ Baribar.kz

Қазақ мемлекеттік циркі – Қазақстандағы цирк өнерінің қарашаңырағы. 1968 жылы алғаш рет Қазақ цирк ұжымы құрылып, 1972 жылы Алматыда цирк ғимараты салынып, цирк өнері дами бастады. Қазір ұжымда 52 жылдан бері циркте қызмет етіп келе жатқан ардагер артистер де бар.

«Еуропа елдерінде цирк өнері табысты бизнеске айналған. Қазақстанда әзірше цирк өнері мемлекеттің қаржыландыруымен дамып келеді. Қаржыландырылмаған өнер өспейді. Қазір Қазақ мемлекеттік циркі Алматы әкімдігінің бюджетінен қаржыландырылып отыр. Қазақстанда цирк өнері жақсы дамып келеді. Біздің артистер түрлі халықаралық фестивальге шақырту алып, Еуропаға барып өнер көрсетіп жүр. Қатысқан фестивальдерден жүлде алып жүрміз», — дейді мекеме басшысы.

цирк, Алматы, жүлде
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/ Baribar.kz

Қазақ мемлекеттік циркі шетелден келген цирк артистерін штатқа жұмысқа қабылдай бермейді. Қабылдаған күннің өзінде шетелдік артист тек уақытша келісімшарт бойынша жұмыс істей алады.

«Көбіне өзіміздің елдегі цирк колледжін бітірген түлектерді жұмысқа қабылдауға тырысамыз», — дейді цирк басшысы.

Азияда цирк артистерін дайындайтын бірден бір оқу орны – Жүсіпбек Елебеков  атындағы республикалық эстрада-цирк колледжі. Колледждегі цирк бөлімінде Қазақ мемлекеттік циркінің ардагер артистері сабақ береді. Цирк бөлімінің студенттері Қазақ мемлекеттік циркі ғимаратындағы кіші манежде жаттығады. Жүсіпбек Елебеков атындағы колледжі Қазақ мемлекеттік циркінің талаптарына сай мамандар дайындайды. Цирк ұжымы жыл сайын жоспар бекітіп, арнайы жанр бойынша мамандарға тапсырыс береді.

цирк әртістері
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/ Baribar.kz

Алматы эстрада-цирк өнері колледжі — эстрада-цирк өнерінің республикалық студия-шеберханасы. 1965 жылы Қазақконцерттің жанынан Г.Ғалиева ұйымдастырған. Әуелі эстрада-цирк студиясы деген атпен жұмыс істеп, 1995 жылдан Жүсіпбек Елебеков атындағы Алматы эстрада-цирк өнері колледжі атанған. Екі жылда эстрада және цирк артистерін дайындайды. Оқу орнында тоғыз бөлім бар: актерлік, мәнерлеп оқу, қуыршақ, цирк, хореография, вокал мен хор, эстрадалық вокалдық, эстрадалық аспаптық және халық аспаптық.

«Азия жаңғырығы» ХІІІ халықаралық цирк өнері фестивалінің күміс жүлдегері Марина Стародубова да осы колледждің студенті. Аталған фестивальде алтын алған «Даршылар» нөмірінде өнер көрсеткен жеті артистің екеуі осы колледжде оқып жатыр. Қазақстандағы цирк өнерінің іргетасын қалаған артистер қазір Жүсіпбек Елебеков атындағы республикалық эстрада-цирк колледжінде жас мамандарды дайындайды.

цирк әртістері
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/ Baribar.kz

Колледж түлектерін әрі қарай дамытып, жанры бойынша дамыту, күрделі трюктерді дайындауды цирк қызметкерлері жүзеге асырады. Колледж студенттері екі жыл оқу кезінде де циркке штатқа жұмысқа орналаса алады. Колледж орта мектептен кейін, яғни 9-класс бітірген жасөспірімдерді оқуға қабылдайды.

«Цирк ұжымындағы жас артистер көбіне артистер әулетінен келеді. Цирк өнерінің ақсақалы, ҚР еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Құрманғали Досбатыров ағамыздың ұлы Дәулет Досбатыров, оның қызы Әлия Досбатырова циркімізде өнер көрсетеді. Қазір Досбатыров цирк әулетінің өкілі 8 жасар Данат Досбатыров Қазақ мемлекеттік циркінде өнер көрсетіп жүр», — дейді Мақсат Жайықов.

цирк әртістері
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/ Baribar.kz

Қазақ мемлекеттік циркінің артистері жекелеген нөмір бойынша Испанияда, Перуде, Ресейде жиі өнер көрсетіп жүр. Келесі жылы Еуропа елдеріне толық труппамен тур жасауға дайындалып жүр. Венгрияның Будапешт қаласындағы цирк Қазақ мемлекеттік циркінің ұжымына қызығып отыр. 2023 жылы Қазақ циркі халықаралық деңгейге шығуға дайындалып жатыр.

«Цирк артистерін гастрольдік сапар дамытады. Бір орында отырып, бір қойылымды сахналай берген артисте даму, өсу болмайды. Сондықтан қазір шетелге барып шеберлікті шыңдауға көңіл бөліп жатырмыз. «Ешнәрсе істемеген адам ғана қателеспейді» деген сөзбен келісемін. Цирк үнемі жаңа нәрсені байқап көру, тәуекелге барумен дамиды. Қазақ мемлекеттік циркінің басшылығына келгеннен бері түрлі тәжірибе жасап келеміз», — дейді цирк директоры.

цирк, Мақсат Жайықов
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/ Baribar.kz

Мақсат Жайықов он жылдан бері циркте жұмыс істейді. Әр артиске, жануарға қалай қатынас жасау керегін жақсы түсінеді. Алдағы уақытта қазақ циркінің труппасын ұлттық калоритте Еуропаға шығаруға директор ретінде атсалысатынын айтты.

Ал әзірше 13 қарашаға дейін Қазақ мемлекеттік циркі Sunny show атты жаңа халықаралық цирк бағдарламасын ұсынады.

Жаңа бағдарламаға халықаралық цирк өнерiнiң жұлдыздары қатысады. Олардың қатарында ТМД бойынша ең үздік сайқымазақ шебері, цирк өнерінен халықаралық фестивальдердің лауреаты Артем Малков, дүниежүзiлiк каскадерлер академиясының «Таурус» (АҚШ) сыйлығының иегері Жайдарбек Күнғожиновтың жетекшілігіндегі атты-акробатикалық «Номад» тобы  бар. Цирк сахнасынан ҚР еңбек сiңiрген қайраткері Құрманғали Досбатыровтың «Белдіктегі әуе гимнастары», «Азия жаңғырығы» XIII халықаралық цирк өнері фестивалiнiң күмiс жүлдегерлері Марина Стародубова мен Даяна Жетпісованы да көре аласыз.

Халықаралық цирктің жаңа бағдарламасы аясында Юрий Никулин циркі Мәскеу халықаралық жастар цирк өнері фестиваль-байқауы және II Минск цирк өнері фестивалінің қола жүлдегерлері Әділет Тикановтың жетекшiлiгiндегi жаңа нөмір, «Азия жаңғырығы» XIII халықаралық цирк өнері фестивалiнiң алтын жүлдегерлері Равиль Сейдгариевтің жетекшiлiгiндегi «Даршылар» нөмірі қойылады.

Екі сағатқа созылатын бағдарламада көрермен Монте-Карло жеңімпаздары Демидовтар әулетінің ізбасары Таисия Демидова «Эквилибр хула хуптар», Қазақ мемлекеттік циркінің би-акробатикалык балет тобының өнерін, еркiн сымға үйретілген епті аюлар, бұзық маймыл және көңiлдi иттердің өнерін тамашалайды.

цирк, жаз
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/ Baribar.kz