Президент: Бұрын-соңды болмаған геосаяси дауыл жағдайында өмір сүріп жатырмыз

Бұл туралы Астанадағы Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесінің саммитінде сөз сөйлеген Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мәлімдеді.

Экологиялық өлшемнің маңызы арта түсті. Климаттың өзгеруі уақыт өткен сайын болжап білуі қиын, әрі зардабы ауыр табиғат апаттарына алып келеді. 2021 жылы Азияда мұндай жағдайлардан 57 миллион адам зардап шекті. 2050 жылға қарай Азия экономикасына осындай табиғи катаклизмдерден келетін ықтимал залал ЖІӨ-нің 26% дейін жетуі мүмкін, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Осы орайда мемлекет басшысы таяуда Пәкістанда болған жойқын су тасқыны орасан зор гуманитарлық апатқа ұшыратқанын еске салды.

Осындай қиын кезде біз Пәкістан халқымен және үкіметімен бірге екенімізді тағы да дәлелдедік. Климаттық дағдарыс әскери қақтығыстарға алып келіп, алапат әрі басқаруға келмейтін миграциялық нөпірдің катализаторына айналуы мүмкін, — деді президент.