Батыс Қазақстанда Алаш арысы Сейітқали Меңдешевке арналған конференция өтті

Сонымен қатар күй анасы Дина туып-өскен Жаңақала топырағына қадам басып, Мәмен мен Тұяқберді күйшілердің кесенесіне тәу етті.

Президент кеңесшісі одан әрі көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, автономиялы Қазақ Республикасы Орталық Атқару Комитетінің тұңғыш төрағасы, Алаш тұлғасы Сейітқали Меңдешевтің туғанына 140 жыл толуына орай ұйымдастырылған республикалық ғылыми-тәжірибелік конференцияға қатысты.

​«Сейітқали Меңдешев – мемлекет және қоғам қайраткері» тақырыбындағы алқалы басқосудың ашылу рәсімінде жергілікті өнерпаздар Алаш арыстары Мағжан Жұмабаев, Шәкәрім Құдайбергенов, Жүсіпбек Аймауытов, Міржақіп Дулатов, Ахмет Байтұрсыновтың өлеңдерін оқыды.

Конференцияға Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов, «Орталық мемлекеттік архив» республикалық мемлекеттік мекемесінің директоры, тарих ғылымының кандидаты, ҚР Жастар одағы «Серпер» сыйлығының лауреаты Сәбит Шілдебай, «Жаһанша Досмұхамедов» атындағы қоғамдық қордың президенті, тарих ғылымының кандидаты, қауымдастырылған профессор, Алаштанушы, Сырым ауданының құрметті азаматы Дәметкен Сүлейменова, Батыс Қазақстан облыстық мәдениет, тілдерді дамыту, архив ісі басқармасының басшысы Сайран Дүйсенов, Махамбет Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің «Рухани жаңғыру» институтының директоры, педагогика ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Педагогикалық ғылымдар академиясының академигі, Халықаралық Махамбет атындағы сыйлықтың иегері Абат Қыдыршаев, Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан агралық-техникалық университетінің «Рухани жаңғыру» орталығының аға оқытушысы, тарих ғылымдарының кандидаты Есқайрат Хайдаров, ақын, қоғам қайраткері, Қазақстан жазушылар және журналистер одағының мүшесі Закария Сисенғали қатысып, тұшымды баяндама жасады.