Оралда жаңа мәдениет үйі мен ат спорты орталығы пайдалануға берілді

Жаңадан бой көтерген 250 орындық екі қабатты мәдениет ошағында түрлі концерттік бағдарламалармен қатар, балаларға арналған үйірмелер де жұмыс істейтін болады. Сурет көрмелерін, қолөнер жәрмеңкелерін өткізуге толық мүмкіндік бар. Сондай-ақ, мұнда №4 кітапхананың филиалы жұмыс жасайды.

Жаңа нысанның ашылу салтанатына Орал қаласының әкімі Миржан Сатқанов қатысып, кент тұрғындарының қуанышына құтты болсын айтты.

Зашаған кенті – қаламыздағы ең ірі аудандардың бірі, мұнда 70 мыңдай халық тұрады. Кент тұрғындарымен кездесулерде жергілікті халық тарапынан жиі көтерілетін мәселе – мәдениет үйін салу еді. Міне, бүгін тұрғындардың тілегі орындалып, жаңа 250 орындық «Алтын Орда» мәдениет үйі пайдалануға берілді. Жаңа нысан Зашаған кенті тұрғындарының рухани өмірінің орталығына айналарына бек сенеміз, – деді шаһар басшысы.

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, белгілі театр режиссері, елордадағы музыкалық жас көрермен театрының директоры, жерлесіміз Асхат Маемиров, танымал кино және театр актері Астана циркінің директоры Ерік Жолжақсынов, белгілі кино және театр актері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ел астанасындағы жастар театрының директоры Әділ Ахметов мәдениет ошағының ашылуымен құттықтады.

«Nur-Er» ат спорты туристік кешенінде жабық манеж және кафе орналасқан, аумағы екі мың шаршы метрді құрайды. Жасөспірімдерді ұлттық ат спортына баулуды, жоғары дәрежелі спортшыларды даярлауды мақсат тұтқан орталықта ұлттық спорттың аударыспақ, көкпар, жамбы ату, теңге ілу түрлерінен жаттығу жұмыстары жүргізіледі.

Үйірмеге 9-16 жас аралығындары ұл-қыздар қабылданады. Сондай-ақ, мұнда ерекше балаларға арналған иппотерапия сағаттарын өткізу, тұрғындарға атпен серуендеуге мүмкіндік бар.

16-17 қыркүйек күндері осында дала қызықтары, көкпар мен теңге ілуден жарыс оздырылды. Киіз үйлер байқауы мен облыс аудандарынан келген әртістердің концерті көпшілік назарына ұсынылды. Жеңімпаздарды шаһар басшысы марапаттап, естелік сыйлықтар табыс етті.