Түркістан облысында жыл басынан бері 400 мың шаршы метрге жуық баспана берілді

Пайдалануға берілген тұрғын үйдің жалпы алаңы 365,8 мың шаршы метр немесе жоспардан 61,6 мың шаршы метрге артық атқарылған. Оның ішінде халық қаржысына салынғаны 272,4 мың шаршы метрді немесе өткен жылдың сәйкес кезеңіне 101,5% болып қалыптасты. Өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевтің төрағалығымен өткен апталық аппарат отырысында баяндалды.

I тоқсанның қорытындысы бойынша Түркістан облысындағы жалпы өңірлік өнім 656,6 млрд. теңгеге жетті. Жыл соңына дейінгі меже 3,3 триллион теңге құрайды деп күтіледі. Өнеркәсіп өнімінің көлемі жоспардан артық орындалып, 460,6 млрд. теңгені 101,4% құрады. Ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі жоспардан 27,2 миллиард теңгеге артық орындалып, 338,9 миллиард теңгені құрады.

Облыстық стратегия және экономикалық даму басқармасының басшысы Қанат Қайыпбектің мәлімдеуінше, жыл басынан бері инвестиция көлемі 299,3 миллиард теңгеге жетті. Жалпы сауда көлемі 181,1 миллиард теңгені, немесе өткен жылдың сәйкес кезеңіне 107,8 % құрады. Тасылған жүк көлемі 55 миллион теңгеге жетіп, өткен жылғы сәйкес кезеңге 101,4%-ды құрады (ҚР – 98,2%, 5 орын). Байланыс қызметінің көлемі 4,3 млрд. теңгені, немесе өсім +8,8% құрады (ҚР – 106,5%, 3 орын). Облыстың негізгі әлеуметтік-экономикалық даму мәселесі тұрақты бақылап жатыр.