Президент ШЫҰ елдеріне әскери-саяси ынтымақтастықты арттыруды ұсынды

Ұйым қызметін одан әрі жетілдіріп, ШЫҰ кеңістігінде және одан тыс жерлерде негізгі үрдістерді болжау ісін күшейту маңызды. ШЫҰ қызметі оның жарғылық құжаттарында көрсетілген негізгі қағидаттардың өзектілігін айқындады. Олар: экстремизм, терроризм, сепаратизм секілді «үш зұлымдыққа» қарсы күрес, мемлекеттердің егемендігі мен территориялық тұтастығын қорғау, ішкі істерге араласпау, — деді мемлекет басшысы ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің кеңейтілген құрамдағы отырысында сөйлеген сөзінде.

Тоқаев атап өткендей, ұйымның негізгі міндеті аймақтық қауіпсіздікті нығайту болып қала береді.

Аталған өзекті салада бірлесе қызмет етуді көздейтін бұрын қабылданған құжаттарды іске асыруды жалғастыру қажет. Сондықтан қорғаныс ведомстволары мен арнайы қызметтер арасында әскери-саяси ынтымақтастықты арттыруды ұсынамын. Осы ретте ШЫҰ-ның Орталық Азия өңірлік ақпараттық үйлестіру орталығымен арадағы қатынастарды нығайту маңызды рөл атқара алады. Ұйымның ақпараттық кеңістігін қорғау инфрақұрылымын құру үшін киберқылмыспен күрес мәселелерінің өзектілігі арта түседі, — деді Қазақстан президенті.