Атырау облысындағы Индер тұзбұлағынан жоғары сапалы ас тұзын өндіру басталды

Бұл туралы Индер аудандық әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Қазір кәсіпорында 10 жергілікті тұрғын еңбекпен қамтылған. Ас тұзы стандартты әдіспен өңделеді. Сапасы өте жоғары, кристалдылығы 99,5% құрайды. Йодталған ас тұзы Қазақстанның түпкір-түпкіріне жеткізіледі. Табиғи минералдың адам денсаулығы үшін, нақтырақ айтсақ, жүрек, қан айналымы үшін маңызы зор. Зауыттың техникалық директоры Димат Туғанбайдың айтуынша, айына 2000 тонна ас тұзын өндіру жоспарланған.

тұз
Фото: Индер аудандық әкімдігінің баспасөз қызметі

Қазір тауардың құжаттары әзірленіп жатыр. Сараптамадан кейін, нарыққа жөнелтіледі.

Кәсіпорын сағатына 20 тонна тұз өңдеуге қауқарлы. Қазірдің өзінде Ресей елінен тапсырыстар түсіп жатыр. Жарты жылдықта жоспар бойынша тағы 60 адамды жұмыспен қамту жоспарда бар.

Айта кетейік, «INDERTUZCOMPANY» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 2017 жылдан бері техникалық тұзды тұрақты өндіріп келеді.

тұз
Фото: Индер аудандық әкімдігінің баспасөз қызметі