Оралда тіл жанашырлары марапатталды

Шара көпұлтты Қазақстан халқының тұтастығын сақтап, мемлекеттік тілдің мәртебесі мен маңызын кеңінен насихаттау арқылы жас ұрпақтың санасына елімізде тұратын әр ұлттың мәдениеті мен салт-дәстүріне құрметпен қарауды сіңіру мақсатында оздырылды. Салтанатты шараға қатысқан БҚО әкімі орынбасары Бақытжан Нарымбетов құттықтау сөз сөйлеп, белсенді тіл жанашырларына ҚР ғылым және жоғары білім министрлігі тіл саясаты комитетінің құрмет грамоталарын және облыс әкімінің алғыс хаттарын табыстады.

Дәл ос тақылеттес фестиваль қалалық деңгейде де ұйымдастырылды. Іс-шара А.Байтұрсынұлының 150 жылдығына арналған кітап көрмесінен бастау алып, «Ғасыр жастары» қоғамдық театрының театрландырылған көрінісімен жалғасты.

Фестивальде Орал қаласы әкімінің орынбасары Мирболат Нұржанов сөз сөйлеп, шаһардағы тіл саясатын дамытудағы бірқатар жұмыстарға тоқталып өтті.

Тіл мерекесі — баршамызға ортақ әрі маңызды мереке. Өйткені ол – адамзаттың интеллектуалдық әлеуетінің қазынасы ретінде халықтың ең құнды байлығы болып есептеледі. Орал қаласында идеологиялық тұрғыдан ескірген атауларды тарихи атауларға өзгерту жұмысы жоспарлы жүргізілуде. Алдымызда тұрған басты міндет – ана тіліміздің ұлы көшке ілесіп, төрге озуы жолында аянбай қызмет ету, — деді М.Нұржанов.

Басқосуда шаһарда мемлекеттік тіл мәртебесін насихаттауға зор үлесін қосып жүрген бірқатар тіл жанашырлары марапатталды. Олардың қатарында танымал журналист Қазыбек Құттымұратұлы, Махамбет Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан университетінің қауымдастырылған профессоры, филология ғылымдарының кандидаты Рита Cұлтанғалиева, қоғам белсендісі Бекнұр Сражанов, ҚР Мемлекеттік қызмет істері Агенттігі БҚО бойынша департаменті басшысының м.а. Аманқос Жұбанышев, БҚО ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары, «Қазақ мектебіне қадам басайық!» жобасының белсенді қатысушысы Ерлан Ғалиевтер бар. Оларға «Қазақ тілінің жанашыры» төсбелгісі табыс етілді.