БҚО-да «Ұлы дала құндылықтары» фестивалі мәреге жетті

Жарысқа арнайы келген Орал қалалық спорт бөлімінің басшысы Артур Шерғалиев те құттықтауын арнап, Ащысай ауылдық округінің имамы Асан Халниязов ұлттық ойындарға қатысушы шабандоздарға бата берді.

Фестивальды тамашалауға келген аудан тұрғындары мен қонақтарына ақ шаңқан киіз үйлер тігіліп, қазанға ет асылып, олар сары бауырсақ пен көже, қымыз, шұбаттан дәм татты. Жарыс бағдарламасына көкпардан бөлек, арқан тартыс, бағанаға өрмелеу, қой көтеру, гір тасын көтеру, тағы басқа да ойын түрлері енгізіліп, оған жұртшылық белсендіқатысты. Домбырашылар оркестрі даланы күмбірлеген күйге толтырып, әсем ән мен би шараның одан сайын көркін келтірді.

Фестиваль аясында өткен Батыс аймақтық көкпардан ашық турнирде әр ауданнан келген командалар тартысты ойын көрсете білді. Нәтижесінде бірінші лига көкпаршылар командаларының арасында шыңғырлаулық «Бөкенбай батыр» жастар құрама командасы І орынды жеңіп алды, ІІ орынға Қаратөбе ауданынан «Дәуқара батыр» командасы ие болды, ал Жаңақала ауданының «Қамыс-самар» командасы ІІІ орыннан көрінді.

Жоғары лигадағы көкпаршылар арасында Жәнібек ауданының «Ер тарғын» командасы ІІІ орын, шыңғырлаулық «Бөкенбай батыр» командасы ІІ орын иеленсе, Орал қаласының «Теректі» командасы жүлделі І орынға қол жеткізді. Сонымен қатар арқан тартыс, қой көтеру, гір тасын көтеру ойындарынан да жеңімпаздар анықталып, марапатталды.