Айтысқа облысытың 5 ауданынан және Орал қаласынан 10 балғын ақын қатысты.
Жас ақындар мен олардың тәлімгерлерін Орал әкімінің орынбасары М.Нұржанов арнайы қабылдап, игі тілегін білдірді. Одан әрі қатысушылар шаһардағы Үш батыр қыз және Сырым батыр ескерткіштеріне гүл шоқтарын қойып, тағзым етті.
М.Мәметова атындағы мұражайды аралап, айтысқа рухани шабыт алып қайтты.
Айтыс басталар алдында облыстық Ардагерлер кеңесінің төрағасы М.Берген жас ақындарға бата берсе, айтыс ақындары мен жыршы-термешілер Халықаралық Одағының Батыс аймақтық филиалының төрағасы Б.Халиолла сөз сөйлеп, Жайық өңірі сұлу жырдың салтанат құрған мекені екенін атап өтті.
Айтысқа Ақжайық, Сырым, Қаратөбе, Бөрлі, Теректі аудандарымен қатар Орал қаласынан жас ақындар қатысты. Тартысты бәсекеге халықаралық, республикалық ақындар айтысында топ жарып жүрген А.Бисенғалиев бастаған, Т.Мықи, Э.Ихсанов, М.Мирланов, Ә.Ахметов, Е.Мұхамбетов сынды айтыстың жас тарландары қазылық етті.
Сөз тартысы қорытындысында жас ақындарға айтыстың тарландары болған дүлдүлдердің арнайы жүлделері табысталды. Атап айтқанда, Хамит Әбілов атындағы арнайы жүлдегк Наурызғали Абзал (Ақжайық ауданы), Ботакөз Баймұханова атындағы арнайы жүлдеге Ақбөбек Самигуллиева (Орал қаласы), Асылбек Ишанов атындағы арнайы жүлдеге Нұрым Амангелді (Сырым ауданы), Александр Қауенов атындағы арнайы жүлдеге Қанатқали Әділхан (Орал қаласы), Жаңыл Жұрмағамбетова атындағы арнайы жүлдеге Әлішер Сүндетов (Орал қаласы), Жаңылай Меңдіғалиева атындағы арнайы жүлдеге Заманбек Оразкелдиев (Бөрлі ауданы) лайық деп танылды.
Жүлделер былайша бөлінді: ІІІ орын Ділназ Исмағұлға (Теректі ауданы), ІІ орын Бекзат Баянға (Орал қаласы), І орын Досхан Бекболатұлына (Қаратөбе ауданы) бұйырды. Айару Асланбекқызы (Орал қаласы) бас жүлдені қанжығасына байлады.
Алдағы уақытта Оралда оқушылар арасында республикалық ақындар айтысын өткізу жоспарлануда.