Атырауда «Atyrau Chess Festival» турнирінің ашылу салтанаты өтті

Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Атырауда алғаш рет халықаралық шахмат фестивалін ұйымдастырған халықаралық гроссмейстер Динара Сәдуақасоваға құттықтау хат жолдады.

Өңір басшысы Серік Шәпкенов халықаралық шахмат фестиваліне қатысушыларға сәттілік тілеп, мемлекет басшысының құттықтау хатын табыстады.

«Atyrau Chess Festival 2022» турнирінің ұйымдастырушылары мен қатысушылары, Құрметті достар! Сіздерді Халықаралық шахмат фестивалінің ашылуымен құттықтаймын! ​Бұл – еліміздің спорт саласындағы айтулы оқиға. Қазақстанда шахматқа деген қызығушылық жылдан жылға артып келеді. Осы спорт түрінің өркендеуіне мемлекет тарапынан барлық жағдай жасалуда.

Халықаралық турнирлерде ел намысын лайықты қорғап жүрген шахматшыларымыз аз емес. Спортшыларымыздың жуырда Үндістанда өткен шахмат олимпиадасындағы жетістіктері – соның айқын дәлелі.

​Көптеген халықаралық спорт шеберлері қатысатын «Atyrau Chess Festival 2022» додасы шахмат өнерін одан әрі дамытуға үлес қосады деп сенемін! ​Баршаңызға зор денсаулық, толағай табыс тілеймін,- делінген мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жолдаған құттықтау хатта.

Фестивальді 2019 жылы әйелдер арасындағы классикалық шахматтан Азия чемпионы Динара Сәдуақасова негізін қалаған Шахмат академиясы ұйымдастырып отыр.

Айта кетейік, өңірде шахмат спорты спорт мектептерінде ресми 1984 жылы ашылды. Бүгінде облыс бойынша шахмат спортымен 18 355 адам, оның ішінде 11 330 адам ауылдық жерде шұғылданады.

«Atyrau Chess Festival» турнирін http://atyrauchessfestival.kz/shedule сайтынан бақылай аласыздар.