Қазақстанда 2022 жылы магистратураға түсуге 17 мың адам өтініш берді

Конкурс нәтижелері 25 тамызға дейін жарияланады. Жалпы 2022-2023 оқу жылына магистратураға 13 мыңнан астам грант бөлінді. Грант конкурсына құжат жоғары оқу орындарының қабылдау комиссиялары арқылы дәстүрлі форматта және виртуал комиссиялар арқылы онлайн қабылданды.

Бірнеше жыл қатарынан өтініштердің көбі «Педагогикалық ғылымдар», «Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар» мен «Бизнес, басқару және құқық» сияқты бағыттарға берілді. Қабылдау науқанының нәтижесіне сәйкес болашақта қазақ тілі және әдебиет, шет тілі мұғалімдері, инженерлер және дипломаттар арасында бір гранттық орынға ең үлкен конкурс болады деген болжам бар, — дейді ұлттық тестілеу орталығының директоры Руслан Емелбаев.

Гранттар тағайындау жөніндегі шешімді республикалық конкурстық комиссия қабылдайды. Комиссия құрамына министрліктің, мемлекеттік органдардың, бiлiм саласы кәсiподақтарының, ҚР ұлттық кәсiпкерлер палатасы, БАҚ, Қазақстанның азаматтық альянсы және қоғамдық ұйым өкілдері кіреді.

Білім гранты иегерлерінің тізімі ұлттық тестілеу орталығының сайтында және әлеуметтік желілерінде 25 тамызға дейін жарияланады. Жоғары оқу орындарына құжаттарды тапсыру 28 тамызға дейін жүзеге асырылады.

Білім беру гранттары еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің, сонымен қатар жұмыс берушілердің кадр қажеттілігі бойынша деректері негізінде бөлінген.