Зейнеткердің ақшасын ұрлаған азамат саусақ ізі арқылы табылды

79 жастағы әйел полицияға жүгініп, белгісіз ер адам үйінен 90 мың теңге ақшасын алып кеткенін хабарлады.

Зейнеткер дүкеннен келе жатқанда оған бейтаныс ер адам жақындап, ауыр сөмкесін көтеруге көмектесуді ұсынған. Әйел келіскен. Жолда сөйлесіп келе жатып, ер адам қалалық ауруханада жұмыс істеймін деп, зейнеткерге массаж жасап беруді ұсынған. Зейнеткер ештеңеден күмәнданбаған, ер адамды үйіне алып барған. Ер адам массаж жасап болғаннан кейін әйелдің сөмкесінен ақшаны алып, кетіп қалған. Арызданушының мекенжайы бойынша жедел-тергеу тобы шыққан.

Қылмыс орнын қарау барысында «Сарыарқа» ауданы полиция басқармасы криминалисі, капитан Алмат Әбдиев күдіктінің қол саусақтарының ізін алған. Полицей жуынатын бөлмеден із тапқан.

Қылмыскердің қол саусақтарының ізі деректер базасында бар болып шықты, тез арада сәйкестендірілген.

Жедел-іздестіру шаралары барысында полицейлер бұрын ұрлық жасап сотталған 40 жастағы ер адамды ұстады. Қазіргі уақытта күдікті кінәсін мойындады және полиция департаментінің уақытша ұстау изоляторына қамалды. «Ұрлық» бабымен сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр.