Алматыда кәсіпкерлерден ақша бопсалаған қылмыстық топ ұсталды

Алматы қалалық прокуратураның мобайл тобына «Нұр-Сұлтан Пром безопасность» ЖШС жұмыскерлері өздерін төтенше жағдай органдарының қызметкерлері ретінде таныстырған біреулер айыппұл салу және тексеру жүргізумен қорқыта отырып, кәсіпкерлерді өртке қарсы қауіпсіздік қызметтері үшін төлем жүргізуге мәжбүр еткендігі туралы хабарлама түскен.

Бұл ретте елімізде шағын және орта бизнес субъектілерін тексеруге 2023 жылға дейін мораторий қолданылатыны белгілі. Алаяқтар сөздерінің растығы мен дәлелі ретінде мазмұны жағынан мемлекеттік органдардың куәліктеріне ұқсас қызыл түсті қызметтік куәліктерін көрсеткен. Қадағалау органы алаяқтық фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруге бастамашылық етті,- делінген прокуратура хабарламасында.

Тергеу барысында Алматының Наурызбай мен Әуезов аудандарында 24 кәсіпкер жәбірленуші болғаны анықталды. Сонымен қатар тергеудің бастапқы кезеңінде қылмыс жасады деген күдікпен 1991 және 1995 жылы туған екі адам ұсталып, соттың санкциясымен қамауға алынды.

Кейін 1995 жылы туған компания директоры орынбасарының да қатысы бары анықталды. Оған қылмыстық кодекстің 190-бабы 3-бөлігінің 4-тармағы негізінде, яғни, адамдар тобында бірнеше рет жасалған алаяқтық фактісі бойынша айып тағылды. Аталған қылмыс үшін жаза мүлкін тәркілей отырып, 7 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруды көздейді.

Алматы қаласы Наурызбай ауданының прокуратурасы сотқа дейінгі тергеп-тексеру нәтижелері бойынша қарау үшін қылмыстық істі сотқа жолдады. Мұндай заңсыз іс-әрекеттер бизнеске қысымды төмендету бойынша жүргізіліп жатқан мемлекеттік шаралардың беделін түсіріп, оларға нұқсан келтіреді. Алматы прокуратурасы бизнес субъектілеріне +7-701-775-55-00 номеріне жүгінуге болатын кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі мобильді топтың тұрақты жұмысы туралы тағы да еске салады, — деп хабарлады қалалық прокуратурада.