Нұр-Сұлтанда әлеуметтік осал топтағы талапкерлерге оқу ақысы төленеді

Жаңа оқу жылында педагогикалық және медициналық мамандықтар бойынша жоғары білім алуға 1 300-ге жуық грант бөлуді жоспарлап отырмыз. Одан бөлек, әлеуметтік көмек бойынша жеке бағдарлама қарастырылған. Жағдайы төмен отбасылардан шыққан талапкерлердің қала университеттерінде білім алуы үшін оқу ақысын төлеу түрінде әлеуметтік көмек көрсетеміз. Бұл бағдарлама бойынша құжаттарды қабылдау 21 тамызға дейін жалғасады, — деп жазды әкім.

Қала әкімі оқу ақысын төлеу түріндегі әлеуметтік көмек жетім балалар, балалар үйінің түлектері, бала күнінен мүгедек, көпбалалы отбасылардан шыққан балалар арасында бөлінетінін мәлімдеді.

Білім алу еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар бойынша жүргізіледі. Олар — биотехнология, есептеу техникасы және бағдарламалық қамтамасыз ету, геодезия және картография, сәулет, мектепке дейінгі білім беру, инженер, жалпы медицина, педагогика, IT сала, жылу энергетикасы, азық-түлік өнімдерінің технологиясы, электр энергетикасы және өзгелері, — деп жазды Нұр-Сұлтан әкімі.

Алтай Көлгіновтің дерегінше, аталған әлеуметтік көмекті алу үшін қаланың жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасына хабарласу керек. Сонымен қатар өтінішті Еgov порталы арқылы электрон түрде беруге болады.