Қазақстан қор биржасындағы сауда-саттықтың көлемі ұлғайды

Бұл туралы ұлттық банктің баспасөз қызметі хабарлады.

Шілденің қорытындысы бойынша, теңге бағамы 1 доллар үшін 477,07 теңгеге дейін көтеріліп, 1,5% өзгерді. Қазақстан қор биржасындағы сауда-саттықтың орташа күндік көлемі бір айда 96,4 миллион АҚШ долларынан 118,6 миллион АҚШ долларына дейін ұлғайды. Шілдеде сауда-саттықтың жалпы көлемі 2,4 миллиард АҚШ долларын құрады.

Валюта нарығына квазимемлекеттік сектор субъектілерінің валюталық түсімді сатуы қолдау көрсетті. Олар шамамен 543,9 миллион АҚШ долларын құрады.

Квазимемлекеттік сектор компаниялары екінші деңгейлі банктер арқылы валюта нарығында сауданы дербес жүзеге асырады.

Шілдеде ұлттық қордан республикалық бюджетке трансферттерді қамтамасыз ету үшін шетел валютасын сату 599,2 миллион АҚШ долларын құрады. Ұлттық қордан сату үлесі сауда-саттықтың жалпы көлемінің 25,3%, — делінген хабарламада.