Қыркүйекте университет оқытушыларының жалақысы өседі

Жоғары оқу орындары оқытушыларының жалақысы көтерілді. Ол үшін президенттің тапсырмасы бойынша 2021 жылы профессорлық-оқытушылық құрам жалақысының ең төменгі деңгейін белгілейтін бұйрыққа қол қойдым. Бұл бұйрық жалақыны бұрынғымен салыстырғанда көбейтуге мүмкіндік берді. Жоғары оқу орнына жаңадан келген оқытушыға 1 ставка үшін кемінде 200 мың теңге бекітілді. Ал профессордың жалақысының минималды деңгейі 350-400 мың теңге болды. Ал педагогикалық жүктеме деңгейін оқу жылына 680 сағаттан аспайтындай етіп бекіттік. Сонымен бірге университеттердегі шамадан тыс бюрократия мен тікелей міндетке жатпайтын біраз функцияларды алып тастадық, — деп жазды министр Facebook парақшасында.

Министр студенттер мен докторанттардың шәкіртақысы өскеніне тоқталды. Яғни, докторанттарға берілетін стипендия 3 жыл ішінде 82 мыңнан 200 мыңға жуық сомаға дейін артты. Осы уақыт аралығында жоғары оқу орындарына түсуге берілетін грант саны да екі есе ұлғайды.

Ең бастысы, бағдарламалық құжаттар арқылы 2025 жылға дейін стипендияны, оқытушылардың жалақысын, студенттік гранттар санын және ғылымды қаржыландыруды ұлғайту үшін қаржыландыру мен міндеттемелерді алдын ала белгілеп қойдық. Ел президентінің тапсырмасы арқасында көтерілген грант құны университеттеріміздегі оқытушылардың жалақысын арттыруға мүмкіндік береді. Сәуірде жоғары оқу орындарының ректорларына қосымша тапсырма бердік. Осы тапсырмаға сәйкес 2022 жылдың қыркүйегінен бастап университеттеріміздегі оқытушылардың жалақысы тағы да көтерілуі керек. Ол үшін қаражат бар, — деді Асхат Аймағамбетов.