БҚО-да жастарға жұмыс ұсынған жәрмеңке өтті

Бұл жыл басынан бері өткен дәл осындай екінші шара дейді, жәрмеңкені ұйымдастырған облыстық Жастар ресурстық орталығының басшысы Аслан Тапишев.

Оның айтуынша, биылғы жыл басынан бері орталық көмегіне бес мыңнан аса жас ақыл-кеңес сұрап жүгінген, мыңға жуығы орталық мамандарының жәрдемімен тұрақты жұмысқа орналасқан.

Жаз мезгілі жоғары және арнаулы орта білім беретін оқу орындарының түлектері дипломарн алып, жұмыс іздейтін уақыт. Сол себепті, жәрмеңкені дәл осы кезеңге, яғни шілде айының соңына белгіледік. Облыстағы меншік нысанына қарамастан барлық мекеме-ұйымдарға алдын ала хат жолдадық, бос вакансиялары туралы толық мәлімет алдырдық, — дейді Орал қалалық жастар ресурстық орталығының бөлім басшысы Алма Төлепқалиева.

Аталмыш бос жұмыс орындар жәрмеңкесіне 12 аудан орталықтарынан мекеме-ұйымдар, облысымыздың ірі өндіріс ошақтары мен кәсіпорындары және облыстық 23 басқармаға қарасты мекемелер қатысты. Жалпы бос жұмыс орындары жәрмеңкесіне облысымыз бойынша 80-ге жуық жұмыс беруші қатысып, 2000-ға жуық бос жұмыс орындары ұсынылды.

Жәрмеңкеге келіп, жұмыс іздеуші жастардың қарасы да бұл күні көп болды. Бағы жанып, бабы келіскен біраз жастар осы күні өздері қалаған мамандықтары бойынша жұмыс тапты. Солардың бірі Гүлназ Шыңғалиева.

Мен Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық техникалық университетінің биылғы түлегімін. Өз мамандығыма сай осы жәрмеңкеде жұмыс тауып отырмын, — деді ол.

Бір байқалғаны, шараға келген жұмыс берушілер негізінен техникалық мамандықтар бойынша мамандар іздеуде және олар келген мамандарға жақсы жалақы, жатын орны мен тамақ, басқа да қолайлы әлеуметтік жағдайлар туғызуға мүдделі екендерін жасырмады.

Сонымен қатар жәрмеңкеге келген өңір тұрғындары назарына мемлекеттік бағдарламалар, қысқа мерзімді оқытулар, кәсіп ашу, грант алу бағыттары бойынша консультациялық қызмет ұсынылды. Келесі жәрмеңкенің өтетін уақыты қызығушылық білдірген жастарға БАҚ және әлеуметтік желілер арқылы алдын ала хабарланатын болады.