Қазақстандықтар енді жеке куәліктің электрон нұсқасын қолдана алады

Биыл 15 шілдеде мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне инновацияларды ынталандыру, цифрландыруды дамыту, ақпараттық қауіпсіздік және білім беру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңына қол қойды. Аталған заң аясында цифрлық құжаттарды қолдану іске қосылды. Оның қатарында азаматтардың жеке куәлігі де бар. Яғни, сіз EGovMobile мобайл қосымшасы арқылы жеке куәлігіңіздің электрон нұсқасын жүктеп аласыз. Одан әрі QR код арқылы жеке басыңызды растай аласыз,- деді Назгүл Бажаева Amanat партиясы алаңында өткен баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, бүгінде QR код арқылы жеке куәлікті растау жұмыс істеп тұр. Яғни, қазақстандықтар ендігі уақытта жеке куәліктің электрон нұсқасын қолдана алады.

Бұған дейін жеке куәліктің электрон нұсқасы тек мемлекеттік қызмет алған кезде халыққа қызмет көрсету орталықтарында ғана қолданылған еді. Жаңа заңға сәйкес енді барлық жерде жеке куәлікті QR код арқылы көрсетсе болады, — дейді ол.